Басты бет » Жаңалықтар » Батыр жігіт Абылай Алматыда орын алған оқыс жағдайдан адамдарды құтқарды

Батыр жігіт Абылай Алматыда орын алған оқыс жағдайдан адамдарды құтқарды

Сурет: adyrna порталынан алынды

Бүгін Алматы қаласындағы Орталық цирк маңында қайғылы оқиға болды. Цирк жанындағы фонтан суындағы тоққа үш адам түсіп қалған. Оларды судан Абылай есімді жігіт пен есімі белгісіз тағы бір азамат алып шыққан. Абылайдың байланыс нөмірін алып, қысқаша сұхбаттасып көрдік, деп жазды Аdyrna порталының тілшісі Асхат Қасенғали.

— Армысыз Абылай. Бүгінгі ерлігіңізді көріп, өзіңізге сүйсініп отырмыз. Адам өмірін құтқарып қалғаныңызға алғыс білдіреміз. Жалпы өзіңіз жайлы қысқаша айта кетсеңіз. Жасыңыз нешеде? Қайда оқисыз немесе жұмыс істейсіз? 

Ассалаумағалейкум. Менің аты-жөнім Балапанов Абылай. Жасым 19-да. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Қ.И. Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу Университетінің, «Автоматтандыру және басқару» мамандығының екінші курс студентімін. Туған жерім Іле ауданы, Байсерке ауылы.

— Бүгінгі оқиға жайлы толығырақ айтып берсеңіз. Орталық цирк маңында не болды? Өзіңізді де тоқ соғып, әлсіреп қалғаныңызды оқыдым. Қазір денсаулығыңыз қалай? 

Бүгін Орталық цирк маңындағы оқиға жайлы толығырақ айтар болсам оқиға былай болды. Цирк маңында жастары 8-10 шамасындағы қыздар мен олардың анасы тоққа түсіп қалды. Фонтанның тоғына. Адамдардың айғайлаған дауысы шығып, көмекке шақырып жатты. Мен ол сәтте сол маңдағы орындықта демалып отырған едім. Орнымнан тұрып, не болғанын көрейін дедім. Жақындап қарасам сұмдық көріністі көрдім. Анасы мен баласы тоққа түсіп жатыр екен. Ойланбастан құтқаруға кірістім. Фонтанға кіріп, анасын алып шықтым. Екінші мәрте қызына барғанымда мені де тоқ ұрды. Қызын басқа, бейтаныс азамат алып шықты. Тоққа тағы бір қыз түскен еді, алайда тоқ күші әлсіз болып, ол қыз өзі шыға алды. Мен де фонтан ішінен өзім сыртқа шықтым. Қазір денсаулығым жаман емес. Оқиғадан кейін үйге қайтып кеттім.

 Тоқ соққан қызды басқа жан алып шыққанын айттыңыз. Ол азамат жайлы қандай да бір ақпарат білесіз бе?

Иә, басқа азамат алып шықты. Өкінішке орай ол азаматтың аты-жөнін білмеймін, ақпарат та жоқ.

— Құзырлы органдар тарапынан қандай әрекет жасалды? Билік органдары хабарласып, хал-жағдайыңызды білді ма?

Сол маңда полиция қызметкерлері жүрді. Олар менің хәлімді сұрады. Оларға да өз алғысымды білдіргім келеді.

— Бұл әрекетіңіз ерлік. Өзіңізді батыр санайсыз ба?

Жоқ, мен өзімді батыр санамаймын. Бұл менің адамдық міндетім. Сол міндетімді атқардым.

 Аман бол, Абылай! Өмірде барлық арман-мақсаттарың іске асып, орындалсын. Батыр деген атқа лайықсың.

Пікір жазу