Басты бет » Жаңалықтар » Ағаның қарындасына айтқан ақылы

Ағаның қарындасына айтқан ақылы

кыз

 

           Қарындасым, мен сенің жақсы болғаныңды, бақытты болғаныңды қалаймын. Оны өзің де білесің. Дәл қазір сенің өміріңе, тәрбиеңе ағасы ретінде тікелей өзім жауапты болғандықтан, саған біраз нәрсені айтқым келеді.

  • Есіңде ме, сен оқуға түскенде мен саған «сабағыңның бәрін бес қылуға талпынбай-ақ қой, арасында төрттер де бола берсін, ештеңе етпейді» деп айтқанмын. Сен маған сол кезде таң қалғансың. Иә, қызыл диплом алу – абырой ғой. Алайда, қыз бала үшін ең үлкен абырой – ата-анасының, туған туыстары мен елінің атына кір келтірмей, дұрыс жүру. Қыз бала көшенің гүлі болуға емес, өз үйінің шырағы болуға асығуы керек. Ұлдармен иық тіресіп бірге жүріп, олардың алдын орап, көзге түсуді мақсат тұтпасаң, қуанар едім. Себебі, қыз – жауһар. «Қызды қымтап ұстаған қысылмайды».
  • Алла саған еліңе, ұлтыңа пайдаңды тигізетін бір мүмкіндік беруі мүмкін. Алдағы уақытта жұмысқа тұрсаң да, аса қатты пысық болма. Шектен тыс белсенді болып, бастығыңнан сыйақы (премия) алуға талпынба. «Неге?» деп таң қалып отырған шығарсың. Негізінде, әйел адамның күші өте көп. «Қыздың қырық жаны бар» деген сөз бекерден-бекер емес қой. Әйел еркектер көтере алмай, белі сынып кететін көп ауыртпалықты жалғыз өзі көтере алады. Егер шындап кіріссе, әйел адамның қолынан көп нәрсе келеді. Мен де сенің қабілетің мен біліміңнің біраз нәрсеге жететінін білемін. Алайда, қоғамдық жерде белсенді болып жүргеніңді қаламаймын. Орташа бол. Қолыңнан келіп тұрса да, көп іске бел шешіп кірісіп, тұмсығыңды сұға берме. Керісінше, сол пысықтығыңды, қолыңнан көп нәрсенің келетінін үйде көрсет.
  • Ешқашан көп ақша табуға талпынба. Әрине, кім қарындасының жұпыны болып, жұтап жүргенін қалайды дейсің?! Сенің әдемі киініп, қуанып, құлпырып жүргеніңді қалаймын. Бірақ көп ақша ұстап, өз-өзін асырап үйреніп қалған қызға кейін біреулерге бағынып, бойұсынып өмір сүру қиындау болып қалады. Ертең үйіңнің отағасына бағынып, бойұсыну үлкен құлшылық болатын уақыт келгенде бұл нәрсе саған кедергі болуы мүмкін. Сондықтан ақша, алтын, дүние-мүлік жүрегіңе кіріп кетпесін. Оның барлығын қолыңда ұста.
  • Ешқашан өз пікіріңді алға тартып, дәлелдеп, әлдекімдерді жеңуге тырыспа. Сенікі дұрыс шығар. Бірақ өзінікі дұрыс бола тұра, басын иіп, көне салатын қыздың ұтылысынан гөрі ұтысы көп болады. Кейде көп нәрсені біліп тұрсаң да, ақымақтың рөліне кіріп, «білмей» қалудың пайдасы көп.
  • Қазіргі әр күнің – болашаққа дайындық. Сен көзіңді ашқан әр күні өзіңнің болашақ өміріңнің іргетасын қалап жатқаныңды ұмытпа. Ертең, тұрмысқа шыққан күні, бір-ақ күнде өзгеріп, жап-жақсы қыз болып шыға келем деу – өтірік. Сондықтан өзіңді тіл алғыш, кешірімді, жұмсақ, жуастау болуға, көнгіштікке, өзгелердің алдында бір саты иіліп тұруға тәрбиелей бер, тәрбиелей бер…

www.asylarna.kz

Пікір жазу