Басты бет » Жаңалықтар » «Алтын Орда» сахнасында – жас таланттар

«Алтын Орда» сахнасында – жас таланттар

Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдени-ағарту бірлестігіндегі үйірмелердің қатары «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық театрымен толықты.

Ұлыстың ұлы күнінде тұсауы кесілген жас театрдың ашылу рәсіміне қала әкімі Абат Шыныбеков өзі қатысып, игі бастамаға сәттілік тіледі. – Бұл – біздің көптен бергі арман-мақсатымыз еді. Бұл – баланың өнерін, талантын әр қырынан ашуға мүмкіндік беретін театр. Өнерлі жеткіншектер алдағы уақытта осы жерден тәлім алып, биікке самғайтынына сенiмдiмiз. Осы идеяның басы-қасында өзімiздiң өнер майталмандары жүр. Театр – киелі өнер. Егер қабiлетi, таланты болмаса, кез келген адам сахнаға шыға алмайды. Таланттардың бағын ашу,оларға бағыт беру – басты мiндетiмiз. Сондықтан «Алтын Орда» театрының балалары сахнаның киесін, сөздің қадiр-қасиетін ұғынса дейміз.  Осы театрдан шыққан түлектерiмiз қазақ ұлтының өнерін бүкіл әлемге паш етеді деген үміттеміз, – деді Абат Абайұлы. Сондай-ақ жас театрдың алғашқы аяқ алысына өз үлестерін қосқан өнер иелері Самал Әбуовке, Эльмира Мақашеваға және Әсемгүл Төлепбергенге алғыс хат табыстады.

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының режиссері Самал Әбуовтің айтуынша, бұл бастама 2020 жылы ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында Алтын Орданың 750 жылдығы шеңберінде қолға алынған.

– Биыл  ақпан айынан жұмысына кіріскен театрға балалар қабылдау жас таланттар арасында кастинг жариялаудан басталды. Оған 60-қа жуық жеткіншек қатысып, 40-тың үстінде өнерлі ұл-қыздарды таңдап алдық. Балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрының ерекшелігі – 5-17 жас аралығындағы балалар кәсіби мамандардан дәріс алып, сахнада өз өнерлерін шыңдай алады. Біздің мақсатымыз – оларды театр өнеріне баулу, – деді Самал Қадерұлы. Режиссер «Алтын Орда» театрының алға қойған мақсаты ауқымды екенін, келешекте отандық туындылармен қатар әлемдік дүниелерді де сахнаға шығару жоспарланғанын жеткізді.

Тұсаукесер кеште Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мұрат Ахманов, Айжан Атымтаева сынды сахна саңлақтары мен  Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театры, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры ұжымдары қашықтан бейнеқұттықтауларын жолдап, «алтынордалықтардың» мерейін үстеді.

Қаладағы Ю. Гагарин атындағы балалар кинотеатрында орналасқан театрдың ашылу рәсіміне қатысқан қонақтар драматург Айжан Атымтаеваның «Кiм патша?» музыкалық ертегісiн тамашалады. Жас театрдың  көркемдік жетекшісі – Әсемгүл Төлепберген. Қойылымның балетмейстерi – Қымбат Сариева.

Ертегіні ұлы Жұмекенмен бірге тамашалаған ұстаз, өнер жанашыры Динара Қыдырбайқызы жас өнерпаздардың алғашқы қадамдарына – шын тілеулес болғандар қатарында. Өнерге шын тілеулес жанның пікірі де жанашырлықпен айтылатыны белгілі.   

– Бірлікке, татулыққа және достыққа үндейтін бұл ертегінің тәрбиелік маңызы өте зор. Балалардың осы туындының мән-мағынасына бойлап, соны жеткізу жолында жандарын салып ойнағандары сүйсінтті. Әрине қала балаларына әлі де көп ізденіс керек. Қазақтың әуезді тілін жатық меңгеру, орфоэпиялық заңдылықтарды игеру мәселелеріне баса көңіл бөлінуі шарт. Әртістік мамандық пысықтықпен қатар  парасаттылықты да қажет ететіні белгілі. Жайықтың көзі қарақты жұрты қуана қабылдаған жас театрдан күтеріміз көп. Тың дүниелерді көптеп ұсынса, көрермендердің көп тартыларына сеніміміз кәміл, – деді көрермен ұстаз.

Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Рита Сұлтанғалиева да  балалардың сахнадағы өнеріне тәнті болған.

– Аң патшасы арыстанның ауырып қалып, оның орнына басшы іздеуден басталатын қойылымда таққа таласып, барлық аңдар кезекпен отырып басқарады. Бірақ соңында арыстанның сау екені, тек бұларды сынақтан өткізгені белгілі боп, оларды бірлік пен ынтымаққа, татулық пен достыққа шақыру үшін жасаған әрекеті екені айтылып, жақсылықпен тарқасатын қойылымның айтар ойын өнерлі өрендер де, кішкентай көрермен де көңілге тоқыса – өнер мақсатының орындалғаны, – деді Рита Бекжанқызы.

Премьерада актерлік өнерін көрсетіп, Жапалақтың рөлін сәтті сомдаған 13 жасар Ақтолқын Сәбитқызы – жас театрдың талантты қатысушыларының бірі.

– Мен театр өнерін жақсы көремін. Енді, міне, өзім де сахнада ойнап көріп, актер болу үшін көп еңбектену керек екенін түсінудемін. Театрымыздың ашылуында сөз сөйлеген аға-апаларымыз, танымал өнер иелері бізден үлкен үміт күтетіндерін айтты. Сабақтан бос уақытымда осындай қосымша білім алып жүргеніме қуанамын. Өзіме берілген кейіпкерлерді жақсы етіп ойнауға тырысамын, – дейді өнерлі жеткіншек.

Тарихи шаһарда тарихи атаумен дүниеге келген «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық театры келешекте кішкентайлармен бірге үлкендердің де рухани азық алар ордасына айналарына сенім зор. Талабы осы театр сахнасында ұшталған жас таланттардың арасынан үлкен өнер иелері шығарына да таласымыз жоқ. Ендеше сәттілік дейміз жас ұжымға!

Ләззат ҚАЖЫМОВА,     

                    Батыс Қазақстан облысы

Сурет авторы В. Предыбайло

Пікір жазу