Биыл 28 сәуірде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке «Ақ жол» фракциясы атынан депутаттық сауал жолдап, қандас жастардың білім алу мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Онда басты мәселе – Қазақстандағы және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты шетелдегі қандас жастарды оқуға онлайн қабылдау керектігі болатын.
Жақында Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтен ресми жауап келді. Биыл ҰБТ кандастар үшін 2021 жылғы маусым айында онлайн форматта өтетін болды.
Кеше қандастар ҚР Білім және ғылым министрлігіне және Парламентте шетелдегі қандас жастардың емтиханды онлайн тапсыруы мәселесін көтерген «Ақ жол» фракциясына алғыс айтты.
Атап өту керек, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі шетелдік азаматтарды, соның ішінде, бакалавриат, магистратура және докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын қазақтарды оқуға шақырған болатын.
Бөлінген гранттар саны:
✅ Бакалавриат — 490
✅ Магистратура — 50
✅ PhD докторантура — 10
Үміткерлер құжаттарды онлайн режимінде 2021 жылғы 7 маусымнан 20 шілдеге дейін тапсыра алады.
Қосымша ақпарат Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының сайтында орналасқан.
Барлық сұрақтар бойынша:
+7 (7172) 28 75 26