Алғыс айту күні — күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің әрбір азаматына, бейбіт күн сыйлаған Жаратқанға, өміріміздің әрбір сәтін бақытқа бөлеп жүрген жақындарымыз бен достарымызға, жарқын болашағымыздың кепілі жас буын бүлдіршіндерімізге алғыс білдіретін ерекше мереке. Дәл осы күні Мемлекеттік қуыршақ театры да кішкентай көрермендерімізге таңдаулы театр қойылымын ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлауға асық. Қайырымдылық мақсатында өтетін мерекелік «Қуыршақ думан» қойылымы өз көрермендерін күтеді.
Әр бүлдіршіннің балалық шақтағы көргені мен сезінгені болашақ тұлға ретінде дамуына зор септігін тигізеді. Ендеше, баршамыздың парызымыз – болашағымыз саналатын балалардың бақытты сәттеріне үлес қосу болуы тиіс. Сондықтан, театр ұжымы аталмыш мереке қарсаңында балаларға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Сол арқылы мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін көктемнің алғашқы күнінде ерекше қуантуға дайындалуда. Балалар қиялына қанат бітірер қуыршақтар думаны көрермен назарына ұсынылып, әсем ән мен көңілді би мерекенің сәнін келтірмек.
Әлемде болып жатқан жан жабырқатар хәл-ахуалдар балалар психологиясына, олардың кіршіксіз ойларының, бала қиялдарының тоқырауына жол бермеуі тиіс. Сондықтан, өз кезегінде қуыршақ театры бала көрермендерге мерекелік, бақытты сәттерді сыйлауды басты мақсаты деп санайды. Аталмыш мақсаттың орындалуы жолында әр апта сайын балаларға және ересектерге арналған театр репертуары ұсынылып, көрермендер мен қала тұрғындарына тағылымды қойылымдар ұсынып келеді. Қай кезде де мемлекетіміздің әрбір тұлғасы мен өнер ордалары баланың үздіксіз дамуына қолдау көрсетуді, шабыт сыйлауды тоқтатпауы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жыл – Балалар жылы» деп жариялай отырып, барыс жылында ел ертеңі болар өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлгелі отыр. Мемлекет тарапынан бастау алған игі істерді жалғастыру баршамызға ортақ міндет. «Алғыс айту күні» – достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын күні болса, балаларды жыл бойы қуантуға, мәдени көкжиегінің кеңеюіне қуыршақ театры да өз үлесін қосуға дайын. Ендеше, өнер ордамыз да мерекені мейірім мекенінде қарсы алатын балғын бүлдіршіндерді асыға күтеді!
Бейбіт ӘЛКЕЕВА