Жасанды интеллект арқылы бірнеше минутта презентация әзірлеу, фото мен бейнеконтент жасау, күнделікті жұмысты жеңілдету – қазақстандық жастар «Жасампаз AI» жобасы аясында осы дағдыларды меңгеріп жатыр. «Әділет» партиясының Жастар қанаты бастамашы болған жоба еліміздің 20 өңірінде жүзеге асырылып, алғашқы аптаның өзінде 5 мыңнан астам жас білім алды. Қатысушылар жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды күнделікті жұмыста нақты міндеттерді шешуге пайдалануды үйреніп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды», – деп атап өткен болатын. Осы міндетке сай «Жасампаз ұлт» бағдарламасы аясында қолға алынған жоба үш бағыттан тұрады: AI Academy, AI Challenge және AI Ауылға. Олар қала мен ауыл жастарының цифрлық дағдыларын дамытуға арналған.
Жобаның басты ерекшелігі – теориялық білімді нақты тәжірибемен ұштастыру. Қарағандыда жастар Бірыңғай үйлестіру орталығына экскурсия жасап, цифрлық технологиялардың жұмысымен танысты. Ал тәлімгерлер өткізген сабақта жасанды интеллектіні оқуда және күнделікті тапсырмаларды орындауда қолдану тәсілдерін сынап көрді.
Жобаға қатысқан студент Асқар Қуанышбай үшін ең пайдалысы – бұрын тек естіп жүрген сервистерді өз бетінше пайдаланып көру мүмкіндігі.
«Оқу барысында бұрын тек естіп жүрген жасанды интеллект құралдарын тәжірибе жүзінде қолданып, мәтін, сурет, презентация әзірлеуді және күнделікті жұмысымды жеңілдетуді үйрендім. Әр сервисті өзіміз сынап көргеніміз ерекше пайдалы болды. Бұл дағдылар уақытты үнемдеуге, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және болашақта кәсіби мүмкіндіктерімізді кеңейтуге көмектеседі деп ойлаймын», – деді ол.
Басқа өңірлерде сабақтар қатысушылардың түрлі қажеттіліктеріне қарай ұйымдастырылды. Атырауда Atyrau Hub алаңында жастар жасанды интеллект арқылы күнделікті жұмысты жеңілдету және еңбек өнімділігін арттыру тәсілдерін үйренді. Қызылордада Kyzylorda Hub мамандары фото және бейнеконтент әзірлеу бойынша практикалық сабақ өткізді. Ал Ақтөбеде Aqtobe IT Hub-пен бірлескен кездесуде жасанды интеллектінің түрлі мамандықта қолданылу мүмкіндіктері талқыланды. Қатысушылар жаңа технологиялардың кәсіби қызметке ықпалы мен цифрлық саланың даму бағыттары туралы пікір алмасты. Ал Астанада IT саласының мамандары жастарға жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен чат-бот құру жолдары бойынша тәжірибелік сабақ өткізді.
«Әділет» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов жасанды интеллектіні меңгеру үшін арнайы IT білімі міндетті емес екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – жастарға ЖИ-дің не екенін түсіндірумен шектелмей, оны білім алу, жұмыс істеу және кәсіпкерлікті дамыту барысында тиімді қолдануға үйрету. Себебі ЖИ-ді меңгеру үшін міндетті түрде IT маманы болу шарт емес. Ең бастысы – қызығушылық, үйренуге деген ниет және нақты идея», – деді Ержан Хамитов.
Алдағы уақытта «Жасампаз AI» жобасы аясында шалғай ауылдардағы жастарды қоса алғанда, 270 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр. Бастама «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген кемінде 5 миллион қазақстандыққа жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйрету міндетін іске асыруға үлес қосады.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

