– Арман деген не?
— Ата, арман деген қиял, — депті жігіт.
— Жоқ, балам, арман дегеніміз — ақыл-ойдың шыңы. Құс — ұшсам дейді, бала — өссем дейді, қыз — көpiктi болсам дейді, жігіт — бақытты болсам дейді, қарт — жүзге жетсем дейді, ақылды — дана болсам дейді, ұстаз — шәкіртіне үлгі болсам дейді. Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмай кетеді. Ақымақтың арманы болмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді, — депті қарт.
****
– Өмірде кімнің арманы жоқ?
— Ата, өмірде ұлы бар адамның арманы жоқ, — депті жігіт.
— Жоқ, балам, ұлы бар адамның арманы көп. Ұлы жоқта ойлау — көп. Есіңде болсын, бұл өмірде елді басқарған хан мен әкімде арман жоқ. Ақылы асқан данада арман жоқ. Жүзден асқан қартта арман жоқ. Хан мен әкім жақсы болса, халқын бақытты етсем деп ойлайды. Дана — ақылдыны дана етсем деп ойлайды. Жүзден асқан қарт «Tipi болсам» деп ойлағанын қоймайды, — депті қарт.
****
– Бақытты болу оңай ма?
— Ата, жары жақсы болса, бақыты жанында, — депті жігіт.
— Жоқ, балам, ақыл басыңда болса, бақыт жаныңда болады. Есіңде болсын, ақылды жанның бақыты алдында, ақылсыздың бақыты алыста. Жігіттің бақытты болуы ақылдылығында. Ақыл — адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты боламын десең, ақылдылықты үйрен, не ақылды қызға үйлен, — депті қарт.
****
– Дос табу оңай ма?
— Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын, — депті жігіт.
— Жоқ, балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Ақылдының досы аз, қасы көп, ақымақтың досы көп болғанмен, жақсылары жоқ. Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астында жатады. Ақылды өзіне тең дос іздейді, ақымақ өзіне тең досты іздемей-ақ табады. Ecіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың. Өмірде ақылды дос табу қиын, сүйікті жар табу қиын, жақсының көнілін табу қиын, — депті қарт.
****
– Достықты нығайтатын не?
— Ата, достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады, — депті жігіт.
— Дұрыс, балам, сенің айтқаның достық пен жолдастықты дамытады. Eciңде болсын, шын достық ақылдыға тән екенін ұмытпа. Өмірде дос болуды ойласаң, «Саламатсыз ба, кешіріңіз, рахмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз» деген бес сөзді шын көңілмен айтуды үйрен. Сәлемдесуді білген кeшipe де біледі, кешіре білген рахметін де айта біледі. Жөн сөз — көңіліңді өcipeді, жөнсіз сөз — өміріңді өшіреді. Достықты көңіл нығайтады, өмір ұзартады, — депті қарт.
****
– Тексізге кім жатады?
— Ата, жеті атасын білмеген тексізге жатады, — депті.
— Жоқ, балам, жеті атасын өзі білмесе де өзге білер. Атасыз — бала жетілмейді. Жеті атасын білмеген баланың әкeci надан. Есіңде болсын, жаманның тілін сұрама, атасын сұра, ханның тегін сұрама, халқын сұра. Ақылды ханда тек болса да, кек болмайды. Жеті атасын білмеген жетім ұлға тең. Жетесіз жанға жеті атасын үйрету қиын. Жетесізге жетім бала да ермейді. Ұлыңа жеті жасқа келгенше жеті атаңды үйрет, — депті қарт.
****
– Өмірде кім жетім?
— Ата, ата-анасы жоқ бала жетім, — депті жігіт.
— Дұрыс, балам, өмірде ата-анасы жоқ бала тipi жетім. Eciңдe болсын, жетімдікті көп көрген, жеңіске тез жете алмайды. Өмірде тоғыз жетім бар екенін ұмытпа. Халқына сeнiмciз болса — хан жетім, ханы ақылсыз болса — халқы жетім, кеңесшісі ақылсыз болса — әкім жетім, қараусыз қалса — үй жетім, суы жоқ — құдық жетім, ұлы жоқ — әке жетім, қызы жетесіз болса — ана жетім, досы жоқ — жігіт жетім, шәкіртсіз — ұстаз жетім. Өмірде жетім болсаң, есірме. Ақылды жетім — кеңесуге құмap, ақылсыз жетім — егесуге құмар. Егескен ел болмайды, — депті қарт.
****
– Үйде кім, елде кім қадірлі?
— Ата, үйде ана, елде бастық қадірлі, — депті жігіт.
— Жоқ, балам, үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді қазақ халқы жақсы бiлeдi, қартты қадірлеуді бәpi біледі. Бала — үйдің патшасы. Балалы үй — базар, баласыз үй — мазар. Қарт — үйдің тұлғасы, хан — елдің тұлғасы. Хан мен әкімгe ел қарайды. Хан — әділ болса, елдің бағы жанады, әділетсіз болса елдің бағы таяды, — депті қарт.
****
– Көпірден өткен соң ешкімге қарамайтын кімдер?
— Ата, көлігі бар көпірден өтсе, ешкімге қарамайды, — депті жігіт.
— Жоқ, балам, көпірден есек өтсе — иесіне қарамайды, ақымақ өтсе — ағайынға қарамайды. Есек иесіне қарамаса — ecipгені, ақымақ ағайынға қарамаса — жетіскені, хан халқына қарамаса — тірідей өлгені. Көпірден көсем өтсе, көңілі алаңдап, артына қарайлайды, не жол жағасына қарайды. Ақылы бар көпірден ақырын өтеді, — депті қарт.
****
– Жоқты бар, ашты тоқ eтетін кім? Жігітке: — Ата, жоқты бар, ашты тоқ ететін мейірімді әке, — депті жігіт. — Жоқ, балам, әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін — сол ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды. Ана — үйдегі бақ, әке — отыратын тақ. Ана ақылды болса, үйдің қуанышы, әкенің жұбанышы, — депті қарт.
Сурет ғаламтордан алынды