ЕМТИХАН

photo_143366

(«Ақ самаурын» кітабынан)

Менің Жұмабек деген ағамның бір басына жететін қырсықтығы бар. Ертеректе жекеменшік оқу орындарының біріне сырттай оқуға құжат тапсырып, жасы ұлғайғанда студент атанған болатын. Ақылы бөлім ғой… Содан жаңа жылдың алдында үйіне әлгі оқу орнынан «Пәлен күні қысқы емтихандар басталады» деген хат келіпті. Атақты көк костюм-шалбарды киіп (өзінің айтуы), аппақ «Джипті» мініп, Жұмекең айтылған күні универге жетіп барған ғой. Барса, бірге оқитындардан бұдан басқа ешкім жоқ. Дәлізде сабақ кестесі ілулі тұр. Сол бойынша аудиторияға барса, басқа студенттер оқып жатыр. Амал жоқ, деканаттың есігін қағады.
Сөйтсе декан ағай былай депті:

         – Айналайын, бауырым, шынын айту керек, сырттай оқитындар үшін қысқы емтихан деген жай аты ғана ғой… Сен «зачеткаңды» тастап кете бер. Өзім бәрін реттеп қоямын. Келіп алып кетесің…

      – Ой, аға, қызықсыз ба? Мен білім нәрімен сусындасам деп келіп отырмын. Өз мамандығымның қыр-сырын білсем деп келіп отырмын. Ертең заңгер боп жұмыс істегенде не оқыдым, не үйрендім деп айтамын? Давайте, маған дәріс беріңіздер. Соншама ақшаны не үшін төледім? – деп, әңгімені жіберген ғой.
Декан ары-бері айтса, көнбейді. Амал жоқ, Жұмекеңнің қасына бір жас мұғалімді қосып, әрең дегенде бос тұрған бір аудиторияны тауып, бұған дәріс оқуға тапсырма беріпті.
Мұғалім қыз да «Жалғыз адамға қалай дәріс оқимын?» дегендей шеке-басы тырысып, кітабын әрең ашқан сияқты.
Дәрісті енді бастай бергенде Жұмекең:
– Құрметті оқытушы, бір нәрсе сұрасам бола ма? – депті.
– Сұраңыз…
– Осы оқу орнына құжат тапсырып, ақша төлегенде «Ойбай, барлық жағдайыңызды жасаймыз» деп еді, келісім-шартта да солай жазылған. Бірақ, сіздер мені суық аудиторияға қамап қойып, 90 минөт бойы сабақ оқымақшысыз ба? Осы ма, жағдай жасағаны?..
Мұғалім қыз зуылдап деканға барады. Декан бір аудиторияда оқып жатқан студенттерді қуып шығып, Жұмекеңді кіргізеді.

      Дәріс енді бастала бергенде Жұмекең:
– Тағы бірнәрсе сұрауға бола ма? – депті.
– Сұраңыз…
– Сіздің ғылыми атағыңыз бар ма?
– Жоқ. Мен жұмысқа жақында тұрдым…
– Ал, келісім-шартта дәрісті профессор, докторлар оқиды деген…  Олар қайда? Сіз маған не үйретесіз?
Мұғалім қыз аудиториядан тағы атып шығады.
Одан кейін де бір жігіт кеп дәріс оқымақшы болған екен. Бірақ ол да профессор емес. Соған жетеқабыл. «Жоқ, маған профессор сабақ беруі керек. Ертең жұмыс істегенде мен кімнен дәріс оқыдым деп айтамын? Ұят емес пе?» деп бұл да табандап тұрып алған.

      Сонымен, деканаттағылар Жұмекең туралы жан-жақты зерттей бастайды ғой. «Бұл бәле қайдан келді?» деп… Бір-бірінен сұрай-сұрай осы оқу орнында сабақ беретін бір кісі арқылы оқуға түскенін анықтайды. Сөйтіп соны шақырып алып, «Мына бәледен құтқар» деп жалынып, бәрі аудиторияға Жұмекеңнің алдына келіпті.
– Айналайын, Жұмеке, сенің талап етіп отырған нәрсең дұрыс… Бірақ, сен де бізді түсінші. Сырттай оқитындардың бәрі осылай істейді. «Зачеткаңды» таста да кете бер… Диплом алатын кезде бір-ақ хабарласамыз. Жыл сайын ақшасын төлеп тұрсаң, болды.
Жұмекең алғашында көнбейді.
– Ойбай, мен қысқы емтихан басталады дегелі бері үйде дайындалып, кітапханаға барып кітап оқып, азды-көп конспект жазып… Бұл қалай болды сонда? Үйде бала-шағам «Әкеміз университте оқып жатыр» деп қуанып жүр. Әйелім ағайын-туыс, көршілердің бәріне осылай деп айтып қойған. Емтихан басталады дегелі бері өзім де қуанып, сол күнді асыға күттім… Мен өз мамандығым бойынша білім нәрімен сусындап, елім үшін адал қызмет етсем деп едім… Дипломды өз еңбегіммен алсам деп едім…
– Ойбай, Жұмеке, диплом болады… Тек сабыр етші… Келесі жылы диплом алып кетесің.
– Қандай диплом?
– Кәдімгі көк диплом…
– Ой, маған қызыл диплом керек.
– Мейлі, айтқаның болсын… Қызыл диплом береміз. Тек университетке келмеші енді…
Сөйтіп бүкіл оқытушы Жұмекеңді арқасынан қағып, ұбап-шұбап әрең шығарып салыпты.
Одан кейін де Жұмекең еріккен кезде универдің басшыларына телефон шалып «Ертең емтиханға барамын» деп, зәрелерін ұшырады екен. Қазір құдайға шүкір, Жұмабек ағамыз қызыл дипломмен еліне адал қызмет етіп жүр.

Оралхан Дәуіт

Пікір жазу