Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінде Халықаралық студенттер күніне орай қазақстандық студенттермен кездесу өтті.
Іс-шараға Ұлыбритания, Ирландия және Исландия жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Кездесу Елшілік пен қазақстандық студент жастар арасындағы байланысты нығайтуға, Ұлыбританияда білім алу және тұру мәселелерін талқылауға, сондай-ақ Елшіліктің алдағы бастамалары мен іс-шаралары туралы ақпарат беруге бағытталды. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Әлібек Бақаев студенттерді мерекемен құттықтап, еліміздің халықаралық беделін нығайтудағы олардың маңызды рөлін атап өтті.
Іс-шара барысында қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына, халықтың бірлігі мен тәуелсіздік жолындағы күресіне арналған «Ұлы дала таңы» тарихи көркем фильмі көрсетілді.
Студент жастардың кездесуіне қазақстандық жас футболшы, англиялық «Бернли» клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаев та қатысты. Дастанды жастар қошеметпен қарсы алды. Оның студенттермен пікір алмасуға және естелік суреттерге түсуі жастар үшін ұмытылмас естелік болды.
Айта кетейік, алматылық «Қайрат» футбол клубының түлегі Дастан Сәтбаев биыл «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері атанды, ал жақында оған«Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» құрметті атағы берілді.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
