«JOLTAP» жобасы аясында Астанада 2 500 азаматқа кеңес берілді. Қала тұрғындары мемлекеттік қолдау шаралары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы ақпарат алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Баршаға Мүмкіндік» модульдік пунктері арқылы 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша 2 500 адам кеңес алып, әкімдікке көмек алу үшін өтінім жіберді. Бизнес ашу үшін грант пен микроқаржыландыру бағдарламарына қатысуға 570 адам өтінім жасады. Модульдік пунктердің консультанттары тұрғын үй бағдарламалары, бизнесті қолдау, әлеуметтік көмек және еңбекпен қамту сұрақтары бойынша жан-жақты ақпарат береді.
«JOLTAP» жобасы аясында қала тұрғындары екі қысқа мерзімді оқу бағдарламары бойынша білім ала алады. Бірінші бағдарлама арқылы азаматтар сауда, құрылыс, қызметтер салаларында сатушы-кассир, тігінші сияқты жұмысшы мамандықтарына оқи алады. Оқу бағдарламасы бизнес көшбасшыларының талаптары мен стандарттарына сай құрастырылған. «Freelance Мүмкіндік» атты екінші бағдарлама қазіргі кезде нарықта сұранысқа ие цифрлық мамандықтарды үйретеді.
«Бұл жоба әлеуметтік саясаттың жаңа принциптерін жүзеге асыруда маңызға ие. Яғни, Мемлекет басшысы ұсынған әлеуметтік реформалардың бірі ретінде дамиды. Бастаманың нәтижелі болуына нақты қадам жасалып жатыр. Жобаға қоғамдық тамақтану, сауда, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларындағы ірі бизнес өкілдері мен сала көшбасшылары жұмылдырылды. Олардың ішінде BI Group, Magnum, Marwin, Shaurma Food және тағы басқалар бар», – дейді Астана қаласының қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
JOLTAP жобасы аясында бүгінге дейін 3 200 азаматқа кеңес беріліп, елордалық тұрғындар мемлекеттік қолдау шаралары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы кеңірек ақпарат алған. Астана әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобаға «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры қолдау білдіруде. Аталған жоба – мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерімен құрылған тиімді жүйе ретінде танылып отыр.
«Астана тұрғындары дамуға әрі кәсіби өсуге талпынысты көрсетіп жүр. Азаматтар оқуға, дағдыларға үйренуге, бизнес ашуға қызығушылық танытуда. «JOLTAP» жобасы арқасында 10 мың Астана тұрғыны жұмысшы және цифрлық мамандықтары бойынша оқып, сертификатталған маман атанады. Жоба мемлекет, бизнес және қоғамның бірлесіп құрастырған тиімді жүйесі болып саналады. Біз жаңа серіктестіктер мен әріптестікке ашықпыз», – деп жоба жетекшісі Астана әкімінің кеңесшісі Дана Жүнісова атап өтті.
«Баршаға Мүмкіндік» модульдік пунктерінде азаматтар келесі мекенжайлар бойынша кеңес алып, оқуға жазыла алады:
“Ailand” ОДО, Қорғалжын тас жолы, 2
“Magnum” супермаркеті, Еділ көшесі, 26
“Жастар” сарайы Республика даңғылы, 34
“Тұлпар” СО Ш. Уәлиханов көшесі, 24
“Euromall” СҮ, Қосшығұлұлы көшесі, 24
“Встреча” СҮ Абылай хан даңғылы, 31
“Mechta” СҮ, Сығанақ көшесі, 3
“Азия парк” СОО Қабанбай батыр даңғылы, 21
“Саянұр” базары Тілендиев даңғылы, 24/5
“Big Шанхай” базары, Алаш тас жолы, 32аДворец «Жастар» пр. Республики, 34
Модульдік пункттер күн сайын әрі демалыссыз жұмыс істейді. Жобаның барлық құралдары толығымен тегін.