Таразда алып қашудың құрбаны болған қыз күйеу жігіт пен жолдасына араша сұрап арыз жазды. Тіпті, салт-дәстүрге сай сырға салып, неке қиғанға келісімге келген. Алайда адам ұрлау бабымен айыпталған екі азаматқа сот кешірім берген жоқ. Күні кеше алып қашу операциясына қатысқан екі азаматқа жеті жылдан жаза кескенін айтқан едік. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Сурет ernur.kz-тен
Әлі күшіне енбеген сот шешімі аппелациялық сотта қайта қаралып, қалыңдықтың өзі де сотталушыларға жазаны жеңілдетуді сұрайды.
Жамбылға жар іздеп келген жігіт жолдасымен бірге сүйіктісін көлікке сүйреп алып қашады. Алайда артынан қуғыншы ретінде құдалар емес құзырлы орган қызметкерлері келген. Іс насырға шауып қыз ұрлаған жігіт те, ере келген жолдасы да жеті жылға сотталды. Оның бірі бес баласы бар көп балалы әке. Ендігі жерде балаларым жетім, өзім жесір қалдым деген жұбайы жазаны жеңілдетуді сұрайды.
ЖАНАР ЖАННАЗАРОВА, айыпталушының әйелі:
– Жолдасы өтініп мен қызбен кездесіп жүрмін, бір дастарханда дәмдес болып отырмыз деген қызбен кездесейік келші деген соң барған, жаман ниетпен барған жоқ. Қызды бұрын көрмеген, сөйлеспеген емес. Қызбен кездесіп сөйлесіп жүрген. 5 бала әкесіз жетіп қалып отыр. 7 жыл деген тым ауыр. Сондықтан жазасын жеңілдетіп берсе деп сұраймын. Дәл қазір қыз жақ кешірім берді. Екеуі қазақтың салт-дәстүріне сай үйленіп отау көтермекші.
Алайда 32 жастағы қалыңдықтың кешірімі отау құруға мүмкіндік бермейтін сыңайлы. Қыздың алдынан өткен құдалар енді прокуратура мен соттың төрелігін күтеді. Өйткені қыз алып қашу дәстүрге сай болғанымен заңға қайшы.
АСЛАН РАҚЫМБАЙҰЛЫ, Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры:
– Адам ұрлау дерегі бойынша ең төменгі жаза 7 жыл бас бостандығынан айыру, ең төменгі. Енді түпкілікті шешім аппеляциялық сатымен қабылданады.
Белгілі болғандай қызбен жігіт бұрын бірнеше ай араласып жүрген. Алайда қолын алуға қолқа салған жігітке қалыңдық көнбей қиғылық салған. Сырттай көріп қалған көршілері полицияға шағым түсірген. Кейінгісі белгілі. Келіндікке келісімін кеш берген қалыңдық та сотталушыларда жазаның тым ауыр екенін айтады.
АЛИЯ АРЗЫМБЕТОВА, адвокат:
– Бұл жаза өте ауыр деп санаймыз. Себебі қазір жәбірленушінің өзі осы азаматтарды кешірген. Отбасы құруға дайын екенін көрсетіп отыр. Соттан бас бостандығынан айырмауды сұрап отыр. Қыздың айтқан осы уәждерін ескеріп ҚР Қылмыстық кодекстің 63 бабын қолданса деген ойымыз бар. Яғни, шартты жазаны қолдануды сұрап отырмыз. Себебі менің қорғауымдағы азаматтың бес баласы бар.
Осылайша отау құрамын деп опық жеген жігіт бірнеше отбасын бүлдіріп алды. Қазір қалыңдық та, сотталушылар да жазаны жеңілдетуге сотқа қайта шағым түсірді. Жар-жар айтылар, айтылмасын апеляциялық сот шешетін болады.