Астанада мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін «Ақ ниет» үйінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жартылай стационар жағдайында жұмыс істейтін орталыққа тірек-қозғалыс аппараты бұзылған, психоневротикалық аурулары бар балаларға қызмет көрсетеді. Орталық 1,5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі жеткіншектерді қабылдайды.
Бұл жобаны іске асыруда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бастамашылар тобы жұмыс істеді. Ал жобаны орындаушы – «Ортопрот» ЖШС.
«Елімізде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін сыйымдылығы шағын үйлер құру жөніндегі пилоттық жоба басталды. Солардың бірі – «Ақ ниет» үйі. Бұл орталық 30 балаға шақталған. Ал оларға 12-ден аса маман қызмет көрсетеді», – деді «Ортопрот» фирмасының басшысы Айгүл Хамиева.
Сондай-ақ басшы қоғамда осы дертпен ауыратын адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға назар аудару қажеттігін айтты.
«Сыйымдылығы шағын үйде балаларға барлық жағдай жасалған. Мұнда олар өздерін үйдегідей сезініп жүр. Бастысы қажетті көмектің барлығы қарастырылған. Мекеменің жоғары білікті мамандарына алғыс айтамын», – деп өз әсерімен бөлісті ата-ана.