Әлеуметтік желіде бапкердің балаларды мейірімділік пен достыққа шақырған ерекше видео тарады.
Астана қаласында балаларды бокс өнеріне жаттықтырып жүрген спортшы Мұхит Амантаевтың инстаграм парақшасында балаларға, жастарға жігер бере сөйлеген видеоларын көптеп кездестіруге болады. Ал жақында «Кішкентай арыстандарым, бір-біріңмен тату-тәтті болыңдар, бір-бірлеріңе жанашыр болыңдар, мықты болыңдар, бір-біріңе бауыр, дос болыңдар!» деп жазба қалдырған видеода ұстаздың шәкірттеріне «балам, жаным, күнім» деп еркелете сөйлеген, жылы сөз айтып, балаларды кешірімді, мейірімді болуға, дос болуға үндеген жігіт ағасының сөздері баршаны сүйсінтті. Бір-бірінен кешірім сұратып, қол алысып, құшақтастырып, достастырған, «жаттығу жасаймыз, бірге күшті боламыз, бірге мықты боламыз. Ей, жандарым, батырларсыңдар ғой сендер!» деп балаларды жігерлендірген бапкерге әлеуметтік желіде пікір жазып, бапкерге алғыс айтып, жақсы тілектерін арнап жатқан жұрттың қарасы қалың.
Пікір жазушылардың бірі: «Мықты тәрбие бұл, тек аналардан не әйел ұстаздардан жылы сөз ести бергеннен, осылай ер азаматтарымыз жылы сөйлеп, мейірімділік, әрі дұрыс тәрбие көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді. Осындай қазақ азаматтарымыздың арқасында мықты ел боламыз» десе, енді бірі «Керемет мейірімді, алтын жүректі бапкер!!! Тәрбие қандай!!! Алар асулары көөп болсын!», «Керемет бапкер екен. Баланың тілін түсінетін жан екен. Өркенің өссін, аман жүр» деп жылы тілек арнауда.
Посмотреть эту публикацию в Instagram