Басты бет » Жаңалықтар » Жұмыс жәрмеңкесі жастарға үлкен мүмкіндік береді

Жұмыс жәрмеңкесі жастарға үлкен мүмкіндік береді

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастардың жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік береді. Себебі тұрақты түрде ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары арқылы жәрмеңкесіне қызметкерлер іздеген жұмыс берушілер аз емес.

Жақында Esil University-мен бірлесіп «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, халықты жұмыспен қамту орталығымен бірге жастар үшін кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеде елордалық студенттер мен жұмыссыз жастар өздеріне ұнаған бос жұмыс орындарымен танысып, өз мамандықтарына қатысты біраз сауалдарына жауап алуға тырысты.

Іс — шараның негізгі мақсаты – Esil University бітіру курсының студенттері үшін қолайлы жұмыс табуға жәрдемдесу. Сонымен қатар жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындары Бос орындар жәрмеңкесіне де қатысты. Жәрмеңкелерде жұмыс берушілер өз компаниялары туралы, жұмыс жағдайлары мен қолда бар әлеуметтік пакеттер, ашық бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу ерекшеліктері туралы пікірлесіп, жұмыс берушілер компаниялардағы бос жұмыс орындарына үміткерлермен әңгімелесу өткізді.

Өткен жылы жұмыс жәрмеңкелерінің арқасында 250-ден астам адам жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 160-тан астам жұмыс беруші мен 2,5 мыңға жуық жас қатысса, барлығы 1800-ден астам бос жұмыс орны берілді. Сондықтан Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесін тұрақты түрде жиі ұйымдастырып тұру маңызды.

Осы жолғы шарада денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, қызмет көрсету секілді маңызды салалардан бос жұмыс орындары 50 компания 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынды.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Олжас Хамитовтің айтуынша, Esil University жәрмеңкесіне жұмыс іздегендердің қарасы көп болды. Өйткені мұнда бірнеше жұмыс берушімен сұхбаттасу мүмкіндігі жасалды. Университет өкілі Бекаршын Жұманова мұндай шара жастардың өмір жолында жақсы қызмет тауып, ары қарай маман болып қалыптасуына жағдай жасауға арналған таптырмас орын екенін алға тартып отыр. Себебі бұл жерде жастар өзінің қарым-қабілетін көрсетіп, өздері қалаған жұмыс орнын табуына, таңдау жасауына жақсы жағдай қарастырылған.

– Біз тың ойлары, идеялары бар жас студенттерді іздейміз. Бізде тұрақты жалақы, ресми жұмысқа орналасу, белсенді, тату ұжым бар. Студенттердің бізге қалдырған түйіндемелері арқылы олармен байланыс орнатып, олардың компаниямызда өндірістік практикадан өтуіне мүмкіндік беріп, жұмысқа орналасуына жағдай жасаймыз, – дейді персонал жөніндегі менеджер Қымбат Сүлейменова.

Жәрмеңкеге келушілердің де ұйымдастырушыларға айтар алғысы шексіз. Мәселен, елордалық студент Асхат Тілеубеков жәрмеңкеге келген көптеген компаниялардың ұсынып отырған бос жұмыс орындарымен танысудың мүмкіндігі туғанына дән риза.

– Кез келген компанияда іс тәжірибеден өтіп, ары қарай тұрақты жұмысқа тұруға да болады екен, – дейді ол.

Ал бір жылдан кейін қолына диплом алып, үлкен еңбек жолына араласамын деген Арайлым да қазір тәжірибе алу үшін жұмыс іздеп жүр. Тәжірибесіз жұмысқа орналасу оңай емес, сол себепті мұндай шаралар әсіресе студент жастар үшін үлкен мүмкіндік.