Басты бет » Жаңалықтар » Microsoft Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашады

Microsoft Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашады

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желіде жазды. 

— Былтыр Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы аясында Нью-Йоркке жасаған сапары аясында Microsoft компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша бас директоры Мишель Симмонспен кездесу өткізіп, онда қазақстандық өкілдікті аймақтық хабқа дейін кеңейту мәселесі көтерілген еді. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы алдымызға осы бастаманы жандандырып, оны жүзеге асыруға қажетті жағдайларды жасау міндетін қойды, — дейді Б.Мусин.

Министрдің айтуынша, осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің және еліміздің Сан-Францискодағы Бас консулдығының, сондай-ақ Microsoft корпорациясының қазақстандық өкілдігінің қолдауымен бұл мәселені шешу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді.

— Бүгін бізге қабылданған шешім жөнінде ресми түрде хабарланды. Microsoft корпорациясы Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашуға дайын, ол Орталық Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Армения, Грузия, Монғолия және Пәкістан елдерін де қамтиды.

Сондай-ақ корпорацияның ChatGPT сияқты көптеген сервистерінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланды.

Бұл бізге қай жағынан тиімді? Microsoft қызметін локализациялау Қазақстанға аймақтық ауқымда технологиялар мен озық шешімдерді тарту орталығына айналуға мүмкіндік береді. Осылайша, хаб «Microsoft» корпорациясының технологиялық даму және инновациялық орталығы бола отырып, шикізаттық емес технология салаларындағы өнімдерді өндіру мен экспорттауды ынталандыру арқылы адами капиталды дамыту және ұлттық экономиканы нығайту драйверіне айнала алады, — деп атап өтті министр.