Апат айтып келмейді ғой, өткеде Екібастұзда жылу құбыры жарылып, қаншама отбасы сақылдаған сары аязда жылусыз қалғаны есімізде. Ел болып көмек қолын созып, қиналған жұрт уақытша тығырықтан шыққан болатын. Қандасымыз Құрмет Талапқазы адал ниетімен халықтың көңілінен шығып жүрген, аты затына сай азаматтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол бұл жолы да сауапты іс жасап, алматылық кәсіпкер Айс Мұратовамен бірлесіп «Солтүстікке жалпы беттік көмек» деген атаумен 518 дана электрлі жылытқыш пен 700-ге тарта көрпе-төсеніштердің 600-ін Екібастұзға, ал қалған 618-ін Қызылжар өңіріндегі соңғы екі жылдың ішінде көшіп келген, тұрмысы төмен отбасыларға үлестіріп, теріскейдегі ағайынды тағы бір қуантып тастады.
– Екібастұздағы ауыр жағдай жүрегімді ауыртып, байыз таптырмады. Қалай көмектессем екен деп көп ойландым. Кәсіпкер әпкемді тауып осындай кішігірім көмек жасауды қолға алдым. Теріскейге жазда келіп, мұнда көшіп келген отбасылардың жайына біліп қайтқанмын. Мынадай суықта бір керегіне жаратар деп қалған бұйымдарды осы өңірдегілерге алып келдім. Жол шығындарын шығарып, көмек қолын созған ағайындарға мың алғыс! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой, ел аумағында қандай да бір қиындықтар болғанда осылай жақыннан жәрдем беретін халқыма рахметтен басқа айтарым жоқ, – дейді Құрмет Талапқазы.
Естеріңізде болса, өткен жылы еліміздің батыс өңірінде қуаңшылықтан қиналған ағайынға мал азығын жинау үшін екі білегін сыбана іске кірісіп, шалғымен шөп шауып жақсы бастама көтерген де осы Құрмет еді. Кейін оның бұл игі ісін қолдаушылардың қатары көбейіп, малы апатқа ұшыраған ағайынға вагон-вагон шөп жөнелтілген еді.
Бектұрған Лақадыл,
Фейсбук парақшасынан