Басты бет » Жаңалықтар » Қ.Тоқаев: Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді

Қ.Тоқаев: Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, Қонаев қаласын дамыту жайын айтты.

Әсіресе, Алматыдағы студенттер үшін жатақхана мәселесі де өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Осы мәселеге тоқталған Мемлекет басшысы:

«Әрине, жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес.

Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыруы қажет.

Жалпы, әлемнің ірі университеттерінің көпшілігі ірі қалаларда емес, қаладан алшақтау жерлерде жайғасқан. Бұл жастардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін қажет. Осы қадам өңірдегі кадр тапшылығына байланысты түйткілдерді шешуге де зор септігін тигізеді», – деді.