Басты бет » Жаңалықтар » Жыл соңына дейін 17 жатақхана салынбақ

Жыл соңына дейін 17 жатақхана салынбақ

Жыл соңына дейін 5 мың орындық 17 жатақхана салынады. Бұл туралы ОКҚ брифингі барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.

Министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда 104 жоғары оқу орнында 209 жатақхана бар, онда 101 мыңнан астам студент тұрады.

Сондай-ақ жоғары оқу орындары 14 309 орындық 100 жатақхана мен хостелді жалға алады. Бұл ретте жатақханаларға қосымша қажеттілік 87 мыңнан астам орынды құрайды.

«2018-2022 жылдар аралығында ЖОО студенттері үшін 15 482 орындық 50 жатақхана пайдалануға берілді. Биыл 5 мың орындық 17 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр», — деді Саясат Нұрбек.

«Енді кез келген жоғарғы оқу орны бізден лицензия немесе рұқсат алу кезінде жаңа мамандық ашу үшін арнайы шарт, талаптар қойылады. 100 адамды қабылдасаңыз, осы бағдарламада онда 100 жатақхана орындарды талап етеміз біз. Сондықтан шарттар күшейеді. Арнайы Қаржы орталығымен бірігіп, бағдарлама пысықталады. 2026 жылға дейін 70-80 пайыз қажеттілікті жабуға тырысамыз. 2029 жылға қарай 100 пайыз осы мәселені шешуге тырысамыз», — дейді ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Әрине, бұл құптарлық бастама. Жатақханасы жоқ оқу орнына грант та, қосымша қаржы да бөлібегені жөн. Сонымен қатар саны бар, сапасы жоқ жоғары оқу орындары тексеріліп, тек диплом басып шығатындарын қысқарту қажет.