Салтанат Байқошқарова, репродуктолог: ТҰҢҒЫШЫМЫЗ 26 ЖАСТА
Жаңалықтар, Тіршілік ырғағы
31.07.2022
320 рет оқылды
Осыдан тура 26 жыл бұрын 1996 жылдың 31 шілдесі күні Қазақстанда ЭКО әдісімен алғашқы нәресте туылды. Бүгінде бойжеткен Оксфордта университет бітіріп, Лондонда жұмыс істеп жатыр.
Салтанат Байқошқарова – еліміздің көптеген отбасыларына ата-ана болу бақытын сыйлаған белгілі репродуктолог-эмбриолог дәрігер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.
– Экомед зертханасында ұрықтандырып өзім микроскоппен бақылаған еліміздің тұңғыш ЭКО-сәбиі бүгін 26 жасқа толып отыр. Бүгіндей есімде, жас заңгерлер жұбында 5 эмбрион ұрықтандырылды. Алдында жұп 7 жыл әртүрлі ем өтіп, нәтиже шықпаған. Еліміздегі алғашқы ЭКО-зертхана – Экомед ашылғанын ести сала, біріншілердің қатарында бізге келген. Ол кезде криоконсервация жоқ, алынған эмбриондарды не салу керек, не тастау керек. Бұл ерекше жағдайда шешім қабылдауды жұптың өзіне қалдырдым.
Ерлі-зайыптыларды зертханаға кіргізіп, микроскоппен 5 эмбриондарын көрсеттім. Екеуінің көзіне жас келді, өз эмбриондарын көріп тұрғанына сенер емес. Шешімді ері қабылдады: «5-еу 10 емес, бәрін салыңыз, Салтанат Берденовна. Әрі қарай табиғат өзі реттер» – деді.
Дәл солай болды. 21 күннен кейін салынған 5 эмбрионның 2-еуі жатырда имплантация болғанын УЗИден көрдік. Біраз уақыттан соң 1-еуі дамуын тоқтатып, 1 эмбрион қалды. Сол эмбрионнан 9 айдан соң 1996 жылдың 31 шілдесінде Қазақстандағы тұңғыш ЭКО-нәрестеміз дүниеге келді. Бұл оқиға еліміздегі мыңдаған жұптардың үмітін жандырды! – деп жазды Салтанат Берденқызы парақшасында.
Бүгін елімізде ЭКО әдісімен 25 мыңнан астам бала дүниеге келген.
Қазір ЭКО саласы мемлекет белсенді қолдауда! Квоталар саны өсуде. Күнделікті ЭКО-ның көмегімен сәбилер дүниеге келуде.
2022-07-31