13 шілдеде болған оқиға.
Павлодар облысының Приреченск ауылы жанынан ағатын Ертіс өзені жағасында, 33 жастағы Андрей Карандашов балық аулап жүріп, өзенде ағып келе жатқан балаларды көреді.
«Қармақты балық тістемегесін, мен үйге жиналып жатыр едім. Қармақтарды бүктеп жатқанда, жағадан он метрдей жерде суда екі баланы көрдім. Мен оларға дауыстап едім, олар жауап бермеді.
Екінші рет айқайладым— үнсіздік.
Сол кезде балалардың су жұтып қойғанын түсіндім. Киімдерімді шешіп, оларға қарай жүздім. Жүзе жақындағанда, үшіншісін көрдім. Алдымен біреуін, сосын екіншісін тарттым.
Осы кезде көзімнің қиығымен үшіншісін көріп тұрмын. Оның бірсәтте су астына кеткенін білдім. Мен оның соңынан сүңгіп кеттім де, өзен түбін қармап жүріп оны тауып алдым. Жағаға алып шықтым. Ол кезде, судан алғашқы шығарылған екі балаға жағада көмек көрсетіліп бастаған еді..», – деп еске алады Андрей.
Оның айтуынша, екі ұл баланың демалуына бірден көмектесіп үлгерген. Ал, соңғы балада тіршілік белгісі байқалмаған.
«Мен әр секундтың қымбат екенін түсіндім. Балаларды құтқару туралы ойладым және қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Соңғысына жасанды тыныс бердік.
Жүрегіне массаж жасадық, ештеңе көмектеспеді. Сол кезде менің басыма «шынымен мен баланы құтқара алмаймын ба?» деген ой келді. Қырынан жатқазып, арқасынан қаға бастадым. Осы кезде баланың өкпесінен су шығып, дем ала бастады. Мен қуанып кеттім! Қуанып толқығаным соншалықты, қолдарым дірілдеп кетті», – деді ер адам.
Жедел жәрдем қызметкерлері келіп, балаларды ауруханаға жеткізді. Қазір олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Дәрігерлер ауыл тұрғынының дер кезінде және сауатты әрекетінің арқасында ғана ұлдар аман қалғанын айтады. Белгілі болғандай, құтқарылған балалардың екеуі жеті жасар егіздер, ал үлкен ағасы — тоғыз жаста. Ата-анасының айтуынша, ағайындылар ешқашан үлкендерсіз өзенге бармаған. Олар бұл жолы өзен жағасына ересек балалар мен барғанын айтады.
Өзен бойында келе жатқан ағайындылардың бірі суға құлап кетеді.
Оны ағыс алып жөнеледі.
Ағаларын құтқаруға егіздер суға секірген.
Суретте: күннің қаһарманы, нағыз батыр Андрей Карандашов
және ол құтқарған балалар.
Арман Шораев
«Фейсбук» парақшасынан