Басты бет » Жаңалықтар » БІЗ ТЕРЕКТІДЕ ТҰРАМЫЗ, ДЕСЕК ТЕ …

БІЗ ТЕРЕКТІДЕ ТҰРАМЫЗ, ДЕСЕК ТЕ …

«Аңсаған күнге, қол жетті, міне!»

Орал шаһары. Автобекет.
«Федоровка, Федоровка» деп айқайлаған шопыр ағайдың дауысына жалт бұрылып, бейтаныс атай екеуміз қою көк түсті «Тойотаға» жетіп бардық. Сөйттік-дағы «Орал-Федоровка» бағытындағы жолға шықтық. Жалпақталдық атамыз әңгімешіл кісі екен. Федоровкадағы бала-келінінің үйіне бара жатыр.
— Сендер, қазақ емессіздер ме? Қазақстанда тұрасыздар. Ал ауылдарыңыздың атауы, мынау Педропка. Сонда біреуіңіз бас болып, атауын неге қазақшалауды ұсынбайсыздар, а?
Көлік ішінде үнсіздік орнады. Өзге тілде даңғырлатып музыка қосып келе жатқан шопыр ағай дереу әнді тоқтатты. Әрине, атаның сөзі жөн. Бұл хақында аудандық, облыстық басылымдарда әріптестерім дүркін-дүркін сөз қозғап, мәселе көтергені әмбеге аян. Нәтиже бар. Тінін тарқатсақ, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 11-сессиясында депутаттар өңірдегі бірқатар ауылдар мен Орал қаласындағы көшелердің атауын өзгерту туралы ұсынысты мақұлдаған еді. БҚО тілдерді дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қыркүйектегі № 19-32-20.357 тапсырмасына сәйкес ономастикалық атауларды ретке келтіру және идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ұлттық танымға жақын атаулармен ауыстыру міндеті қойылған болатын. Осы орайда БҚО ономастика комиссиясының 2021 жылғы 28 сәуірдегі қорытындысы негізінде, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 8 сәуірдегі № 44 және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 8 сәуірдегі № 11-5 бірлескен қаулысы мен шешімі барысында, халықтың пікірі ескеріле отырып, Теректі ауданы бойынша Федоровка ауылдық округі — Теректі ауылдық округі, Федоровка ауылдық округінің Федоровка ауылы — Теректі ауылы деп қайта өзгергені, біз үшін қуанышты жәйт.
— Мемлекеттiк тiл caяcaты жәйлі айтқанда, қaзaқ ономacтикacы сол тілдің құpaмдac бөлiгі екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі таңда ономастика саласы тіл саясатының басым бағыттарының бірі ретінде көптілді, көпұлтты елімізде үлкен саяси-әлеуметтік, мәдени маңызға ие болып отыр.
Жалпы, ономастика — қазақ тілінің ажырамас бөлігіне айналғандықтан, ерекше жүйе ретінде қаралып, қолданысқа енді. Осы саладағы жұмыстардың жүргізілу бағыты Теректі ауданында оңтайлы жүзеге асуда. Мәселен, 2010-2022 жылдары аралығында атауы өгертілген елді мекендерді жіпке тізсек, «Калинин-Табынбай», «Подхоз-Ыждағат», «Донецк-Тақсай», «Социализм-Кемер», «Новая Жизнь — Жаңа өмір» сынды ауылдардың атауы толықтай дәстүрлі қазақы танымға сай сәйкестендірілді. Ал өткен жылы Батыс Қазақстан облысының ономастикалық комиссиясына Новопавловка ауылы мен Новопавловка ауылдық округінің атауын өзгерту бойынша құжаттар жолданды, — дейді Теректі ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Венера Шин.
Айта кетейік, ономастика комиссиялары тарапынан 2010-2020 жылдары аралығында Теректі ауданына қарасты әр ауылдағы 314 көшенің атауы қайта өзгертілген. «Аңсаған күнге, қол жетті, міне!» деген қуаныш осы!
Жалпақталдық ата-ау, біз сіз айтқандай «Педропкада» емес, Теректі ауылында тұрамыз, десек те…

Подстепный, Покатиловка, Приречный …

Иә, Теректі ауданында осы тақылеттес ауылдардың атауы әлі бар. Бұл атаулар қыр соңымыздан қашан қалады?
— Ауданымызға қарасты ауылдардың атауын өзгерту барысында бірқатар шаруалар жоспарда бар. Айталық, Покатиловка ауылы — Атамекен ауылы, Покатиловка ауылдық округі — Атамекен ауылдық округі; Придорожное ауылы — Көбенсай ауылы; Богдановка ауылы — Қара-Оба ауылы, Богдановка ауылдық округі — Қара-Оба ауылдық округі; Долинное ауылы — Егіндісай, Жақсы ауыл, Ақтерек ауылы, Долинное ауылдық округі — Егіндісай, Жақсы ауыл, Ақтерек округі; Приречное ауылы — Шұбарлысай ауылы, Приречное ауылдық округі — Шұбарлысай ауылдық округі; Юбилейное ауылы —Төркінжол, Жиделі, Ақсу ауылы; Новопавловка ауылы — Құмақсай ауылы, Новопавловка ауылдық округі — Құмақсай ауылдық округі; Подстепное ауылы — Исатай, Төркінжол ауылы, Подстепновский ауылдық округі — Исатай, Төркінжол ауылдық округтердің болжамды атаулары бар. Алдағы уақытта осы нұсқалар тағы да талқыланып, ауыл атауын өзгерту жұмыстары жалғаспақ, — дейді Теректі ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Венера Бектемірқызы.
Бөркімізді аспанға атып, бір-бірімізден «сүйінші!» сұрайтын уақыт тез келсе, игі!

Самал ЖАМЕТ,
Теректі ауданы