23 маусым — Қазақстан полициясы күні және Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Орал қ. ПБ әйелдер кеңесінің кезекті отырысы «Әйел — отбасының ұйытқысы, тіршіліктің тынысы» деген атаумен басталды.
Әйелдер кеңесінің төрайымы, Орал қ. ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы полиция майоры Мадина Құспанова мен ардагерлер кеңесінің төрайымы милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева бірлесе ұйымдастырған отырысқа полиция қызметкерлерінің ата-аналары, ақжаулықты аналары, қызмет атқару барысында оқыста қайтыс болған полиция қызметкерлерінің жұбайлары, о дүниелік болған ардагер ағалардың жұбайлары, басқармадағы шаруашылық бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Отырыста алғаш сөз алған Клавдия Қуанышқалиева жиналған көпшілікті алдағы мерекелермен құттықтап, отбасыларына амандық пен қуанышты күндер тіледі.
Одан әрі әркез сұлулық пен ақылдылықтың жаршысы бола білген әйелдерге БҚО ПД бастығы полиция генерал- майоры М. Аблазимовтың атынан «Офицердің жұбайы», «Офицердің анасы» алғыс хаттарын тапсырды.
Қазақ әйелінің орыны мен рөлі туралы баяндаған Мадина Ерқуатқызы отбасы мүшелерінің дәнекері, жылылық шуағын шашатын аналарға амандық тіледі.
Отбасының ырыс берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында белсенділік танытатын әйелдер басқарма басшылығына алғыстарын жеткізді. Өздеріне жүктелген міндеттер мен әскери жарғыларды бұлжытпай орындап, қызметтің қиындықтарын табандылықпен көтеріп жүрген Орал қ.ПБ жеке құрамына толағай табысты болуын тіледі.
Орал қ. ПБ
баспасөз қызметі