Басты бет » Тіршілік ырғағы » Биші қазақ қызы Кипрде жеңімпаз танылды

Биші қазақ қызы Кипрде жеңімпаз танылды

                                                                                                                                                                               Солтүстік Кипрде өткен халықаралық 24-інші Халық билерінің фестиваль-байқауының Бас жүлдесін қазақ қызы Аққанат СМАҒҰЛОВА жеңіп алды!

Би – қазақпен бірге жасап, дамып келе жатқан ежелгі өнер. Қазақтың биі ұлттық салт-дәстүріміз бен қазақтың тұрмыс-тіршілігінен туындаған. Өмірден алған әсерден, қуаныштан, қайғы-күйінішіңізден ән немесе өлең-жыр тумай ма?! Би де сол сияқты. Қазақ биі – ұлттық дәстүрін, мәдениетін танытатын, өнердің төресі!
Қазақ биінің арқауы – халықтың жан дүниесі. Бірақ бұндағы ішкі сезімдерді бейнелеу құралы – қимыл-қозғалыс. Әрине, ойды тілмен емес, қимылмен жеткізу қиын нәрсе. Би үлкен ойдан туады, ал билейтін адам өмірдің нәзік иірімдерін терең түсінетін ойшыл жан болуы керек. Бишілер сонымен бірге кейіпкерді бейнелейтін актер де болуы да қажет.

66173435_453626925430304_3406795443898679296_n

Елордамыздағы Қазақ Ұлттық хореография академиясының «Би ансамблі» мамандығының 2 курс студенті Аққанат Смағұлова – кішкентай кезінен би өнерін ұнатып, бүгінде бидің қыр-сырын кәсіби меңгеріп жүрген, осындай өнерлі де, талантты жас.
Ол күні кеше Солтүстік Кипрде өткен халықаралық 24-інші Халық билерінің фестиваль-байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Ұлттық би өнерін, ұлттық мәдениетті, ұлттық салт-дәстүрді және киім үлгілері мен халық фольклорын кеңінен дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған, бұл фестивальға Кипр, Түркия, Аргентина, Македония, Чили, Қазақстан, Қырғызстан сынды жеті ел қатысты.65898832_453627118763618_2619364210093588480_n
18 жасар жас Аққанат мың бұралған ұлттық биімен де, ұлттық киімімен де, нәзік бейнесімен де шетелдіктерді тамсантып, тәнті етті. Жас бишіміздің қазіргі ұстазы, тәлімгері – Садықова Анвара Әріпқызы. Аққанаттың жолын ашып, ең алғашқы кәсіби бишілердің додасына қосқан ұстазы, жүлде алған билерін қоюшы-хореограф Шәмшиев Алмат Шердарұлы – Қазақ ұлттық хореография, академиясының аға оқытушысы.
Қатысушы елдердің бишілері арасындағы ең жасы Аққанат 5 күнге созылған фестиваль барысында қазақтың түрлі билерін билеп, өз өнерін ортаға салды. Оның ішінде қазақ би өнерінің ханшайымы Шара Жиенқұлованың би мұрасындағы билерін де биледі.
Биыл Жастар жылы болып жарияланды. Жастар жылы түрлі салаларға жіті назар аударылады дейміз. Қоғамның ажырамас бөлігі саналатын мәдениет пен өнер де талантты жастар өнерімен өзге елдерге танылып жатыр.                                                                                                                                                                                                                                                                                                  Тұрар ШӘКЕН,                                                                                                                            «ФЕЙСБУК» парақшасынан

Пікір жазу