Облысымызда басталған «Жақсылық жаса» жастар марафонын Ақжайық ауданында күні кеше некесі қиылған Амангелдиевтер отбасы ерекше қайырымды іспен қолдады. Жас жұбайлар Тынымгерей мен Малика қаржыларын кортежге емес, қайырымдылыққа жұмсап, ел- жұртқа игі істің өнегесін көрсетті.
Олар аудан орталығы Чапаевтағы көпбалалы жанұяға азық-түлік пакетін өз қолымен жеткізіп, қаржылай қолдау көрсетті. Отбасылық өмірімен шарапатты іспен бастаған жастар 9 баланы дүниеге әкеліп, өсірген отағасы мен отанасының ақ алғысына бөленді.
— Үйлену тойы өміріміздегі ең үлкен қуаныш, — дейді жыл қорытындысы бойынша «Үздік жас полиция маманы» деп танылған Тынымгерей. — Біз отбасылық өміріміздің алғашқы ақ парағын қайырымдылықпен бастағымыз келді. Осындай ниетіміз бар екенін ата-анамызға білдіріп едік, олар қуана қолдады. Біз мұны ат шығару немесе мақтан үшін емес, жүрек қалауымызбен жасадық. Біз осындай қадамымыз арқылы басқа да жас жұбайларды ойландырғымыз келеді.
Жиғанын желге емес, сауапқа жұмсаған жастарға бақыт тілейміз!
«Жұбан жастары»