«Еліміздің кинотеатрларында қазақ тіліндегі кино мен анимациялық фильмдерді ыңғайсыз уақытта және тым аз көрсетеді.
Бұл — қазақ тілді көрерменнің, тұтынушы құқығын бұзу. Осыны біле тұра ешқайсымыз не заңға жүгініп, не басшылығына айтып талап етпейміз.
Тәуелсіз, дербес мемлекетте емес, өзгенің елінде тұрып жатқандай күйдеміз. Заң біз жақта, қазақ тілі жағында, тек сауатты талап етіп, жұмыла білсек болғаны.
Кез келген ұлы жетістік қарапайым ғана істен басталады. Қазақ тіліндегі кино, мультфильмді түске дейін ғана емес, күні бойы, түнде де және жиі көрсетуін талап етейік. Заң бар, тек ол жұмыс істемейді.
Ендеше жұмыс істеуіне жұмыла кірісейік. Өз елімде киноны қазақша көргім келеді. Сіздер де қолдаңыздар, бөлісіңіздер» – деп жазды белгілі журналист Мәди Манатбек «facebook» парақшасында.
Кейін әлеуметтік желіде белсенді топ «КИНОНЫ ҚАЗАҚША КӨРГІМ КЕЛЕДІ!» акциясын бастады. Бұл не үшін керек?
1. Кинотеатрлар қазақ тіліндегі кино, мультфильмдерді түске дейін ғана емес, күні бойы, әсіресе кешкі, түнгі уақыттарда қоюы үшін.
2. Қазақшасын күніне бір, екі рет қана қойып алдарқатпай, кем дегенде 50/50 саясатын жүргізу үшін. (Кино толық қазақшаланып кетсе арман жоқ).
3. Кинотеатр басшыларының өзі тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін мойындауы, сыйлауы, қазақ тілі алдындағы жауапкершілігін сезінуі үшін.
4. Киноның қазақ тіліне дубляждалуына құзырлы мекеменің назарын аударту үшін.
5. Қазақ тілінде қойылған кино, мультфильмдерге елдің жаппай баруы үшін. (Әйтпесе кинотеатр басшылары қазақша қойсақ, келмейтін өздерің деп елді тағы айыптайды. Сондықтан қазақша киноға бару мәдениетін қалыптастырайық, үгіттейік, насихаттайық).
Сондықтан барлығыңызды «КИНОНЫ ҚАЗАҚША КӨРГІМ КЕЛЕДІ» петициясын қолдап, қол қоюға шақырамын. Ел біріксе алынбайтын қамал жоқ. Кинотеатрда ғана емес барлық жерде қазақша болуын заң шеңберінде талап ете беруіміз керек.
Талап демекші, осы мәселені ел болып көтергеннің арқасында Астанадағы «Азия парк», «Чаплин», «Мега Силк Уей», «Хан Шатырдағы» кинотеатрлар «Ральф интернетке қарсы» мультфильмінің сеанстарын кешкі 18:40, 19:05, 19:20-ға қойыпты. Талап етуді тоқтатпайық!