Басты бет » Тіршілік ырғағы » Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА: «Ең бастысы, жастардың тарихқа, ұлттық мәдениетке, дәстүрге қызығушылығын ояту»

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА: «Ең бастысы, жастардың тарихқа, ұлттық мәдениетке, дәстүрге қызығушылығын ояту»

1511083158_l-1000x700

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Abai.kz.

Жиынға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Д. Кәлетаев, Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Алматы қаласының, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар саясаты саласының сарапшылары және басқа да азаматтар қатысты.

Отырысты ашқан Г. Әбдіқалықова Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Жас Отан» жастар қанатының IV cъезіне жолдаған құттықтау сөзінде жастарды жан-жақты дамуға, яғни спортпен шұғылданып, өнерлі болуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлем әдебиетінің бай мұрасын танып-білуге, ең бастысы, әлемдік деңгейдегі кәсіби маман болуға шақырғандығын атап өтті.

Мемлекеттік хатшы қазір елімізде «Үшінші жаңғыру» және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жүзеге асырылып, Индустрия 4.0 элементтері енгізіліп жатқанын айтты.

25_main

– Біз үшін, ең бастысы, жастардың тарихқа, ұлттық мәдениетке, дәстүрге қызығушылығын ояту. Ол үшін жастарға арналған жобаларды үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды зерттеумен және насихаттаумен айналысатын орталықтар    ашу қажет, – деді Мемлекеттік хатшы.

               

       Кеңес отырысы «Open talks» форматында өтті. Министрлер, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, жастар бірлестіктерінің басшылары қазіргі Қазақстан жастарының бойында құндылықтар жүйесін қалыптастыру және мәдени-демалыс шараларын ұйымдастыру мәселелері жөнінде баяндама жасады.

Кеңес мүшелері Оңтүстік Қазақстан облысының студенттерімен, жұмысшы жастармен, жас кәсіпкерлермен және спортшылармен кездесулер өткізді. Бүгінде өңірдегі жастардың саны 700 мыңнан асты. Бұл – еліміздегі бүкіл жастардың 18 пайызы.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Рухани жаңғыру» аясында «Атамекен» бағдарламасын іске асыруда. 2017 жылы 1197 жоба жүзеге асырылды, 2018 жылға 1558 жоба жоспарланған.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 97 пайызы Қазақстан азаматы екендігін мақтан тұтады, ал 92,3 пайызы өздерін патриот деп санайды.

Қазіргі кезде өңірлерде жастардың демалысын ұйымдастыру жөнінде 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. 8 мыңнан астам мәдени-демалыс мекемелері бар. Мәселен, Алматы облысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған Жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, ал Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік мекемелердегі барлық спорт үйірмелеріне 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің тегін қатысуы көзделген, студенттер үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жастардың бойында құндылықтар негізін қалыптастыру және олардың демалысын ұйымдастыру мәселелері жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Abai.kz

 

Пікір жазу