Басты бет » Жаңалықтар » Қыс келбеті: Астананың ғажайыптар әлемі

Қыс келбеті: Астананың ғажайыптар әлемі

✍ Венера МҰРАТҚЫЗЫ

Міне, қыс маусымы да келіп жетті. Биылғы қыс елордада жайлы, жылы ауа райымен басталды. Ұлпа қар жауып, қыстың белгілері әлі байқала қоймаса да, шаһарда қыста тұрғындар мен қонақтар үшін ерекше демалыс орындары көптеп жаблыдқталып, ашылуға дайындалуда.

Сурет: ЖИ

Астананың аудандарында қысқы ойын-сауық орындары, мұз айдындары мен сырғанақ алаңдары ашылады. Соның бірі әрі бірегейі биылғы жылы алғаш іске қосылатын ерекше мұз айдыны Abu Dhabi Plaza кешенінің жанындағы Сызықтық саябағында жасақталуда. Жаңа қысқы демалыс орны ASTANA WINTER PARK жобасы Азиядағы ең ұзын сызықтық мұз айдындарының қатарында. Бұл жай ғана дәстүрлі мұз айдыны емес, ұзындығы 1,4 шақырымға созылатын, бір-бірімен байланысқан мұз жолдарының тұтас жүйесі болмақ. Мұз жамылғысының жалпы ауданы шамамен 6 000 м² құрайды.
Жоба Еуропа қалаларындағы мұз саябақтарының тәжірибесіне негізделген. Мұнда келушілер коньки теуіп қана қоймай, мұз жолдарымен серуендей алады.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жылы павильондар, конькиді жалға беру орындары, отбасылық демалыс аймақтары, мерекелік жарықтандыру және жаңа жылдық безендірулер қарастырылған. Оның басты ерекшелігі – күннің жылынуына төтеп беретін арнайы чиллерлер жүйесімен жабдықталуы.
Мұз айдыны 15 қарашада ашылып, алғашқы сырғанау маусымы 2027 жылғы 31 наурызға дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

Қыста серуендеуге Есіл өзенінің жағалауы келушілерге жайлылық сыйлайды. Сондай-ақ Сарыарқа ауданында, соның ішінде Оқушылар сарайының маңында да мұз айдындары ашылады. Бұдан бөлек, ауданда 13 мұз сырғанағы салынады. Қысқы демалыс орындары «Көктал» саябағында, «Оқжетпес» гүлзарында және басқа да қоғамдық орындарда ұйымдастырылады.

Ал Сарайшық ауданындағы қысқы демалыс орындарының бірі – «Қазақ елі» монументі алаңы. Бұл жерде де мұз айдынын ашу жоспарланып отыр. Тағы екі мұз айдыны Жүргенов көшесінде және Президенттік саябақта ашылмақ.

Елордадағы тағы бір қызықты қысқы демалыс орны – Алматы ауданындағы Triathlon Ice Park. Триатлон саябағында ауданы 1 200 шаршы метр болатын заманауи мұз айдыны салынып жатыр. Мұнда Астана тұрғындары мен қонақтары күн салыстырмалы түрде жылы болған кезде де белсенді демалуға мүмкіндік бар.

Арнайы тоңазытқыш жабдықтары мен мұзды сақтау технологиясының көмегімен алаң ауа температурасы сәл жылынған кезде де жұмысын жалғастыра алады. Келушілерге коньки жалға беру қызметі, жылынып демалатын орын, ыстық сусындар мен тамақтану орындары қарастырылған. Ал сәндік жарықтар мұз айдынына ерекше көрік беріп, кешкі серуен мен отбасылық демалысқа қолайлы жағдай жасайды.

Сондай-ақ «Құмыра» аумағында, «Жерұйық» және «Жастар» саябақтарында арнайы алаңдар ашу жоспарланған.

Байқоңыр ауданында «Ататүрік» саябағы мен «Жастар» сарайының маңында да мұз айдындары әзірленуде. Сонымен қатар Өндіріс, Кірпішті, Қазқалашық тұрғын алаптарында және Қоянды саяжай алабында да сырғанақтар орнатылады. Барлығы тоғыз орын қамтылмақ.
Қысқы демалысқа арналған тағы бір орын Нұра ауданында ашылмақ. Мұз айдынын «Астана Арена» стадионының маңында жабдықтау көзделген.
Қазір елордадағы қоғамдық кеңістіктерді қысқы маусымға дайындау жұмыстары қызу жүруде. Аталған мұз айдындары мен сырғанақтар – биыл Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ашылатын қысқы демалыс орындарының бір бөлігі ғана. Қазір қаланың өзге аудандарында да осындай алаңдарды дайындау жұмысы жүргізілуде.

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс сыйлайтын түрлі алаңдар осылайша қаланың әр аумағында ашылатын болады. Бұл демалыс орындары көпшілікке жақсы демалыспен қатар, таза ауада тынығу, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануды насихаттайтын, сондай-ақ шаһар келбетін ажарландыра түсетін ғажайып көріністерге толы ертегі әлеміне айналмақ.