Басты бет » Жаңалықтар » Ұлт дәстүрін ұлықтаған байқау

Ұлт дәстүрін ұлықтаған байқау

Ұлттық мерекеміз – Республика күнінде Астана төрінде мән-маңызы ерекше ұлттық байқау өтті. Ол – жас отбасылар арасында ұйымдастырылған «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты ұлттық-этнографиялық сайысы.

 

Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығының қолдаумен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі өткізген ұлттық байқауға елордалық сегіз жас отбасы қатысты. Сайыстың мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын заманға сай жаңғырту, жастар арасында насихаттау, отбасы институтының мәртебесін көтеру. Жастар арасында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу және жас отбасылардың қоғамдық белсенділігін арттыру бағытында ұйымдастырылды.

Отбасылық сайысқа жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, ҚР Президенттік орталығы Мәдени және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ақбота Хамитова, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Жүгінісова, Қ.Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясының ұстазы, айтыскер ақын Азамат Малжанбай және Журналистер одағының мүшесі, этнолог-тарихшы Тұрар Шәкен қазылық етті.

– Қоғамда отбасылық құндылықтарға байланысты, отбасы институтының құлдырауына байланысты проблема көп. Сондықтан ұлттық дәстүрлеріміз әр отбасында дәріптеліп, балаларға қазақы тәрбие берілсе, отбасы институтының мәртебесі биіктеп, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталса деген мақсатта өткізіп жатырмыз, – дейді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрар Сәттарқызы.


Биыл байқауға қатысуға 15-ке жуық жас отбасыдан өтінім келіп түссе, байқау шартына сәйкес олардың арасынан 8 отбасы іріктеліп алынған. Сайыста қатысушы аталар жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі ой айтып, тағылымды жыр оқысы, әжелер шашу шашып, ән салды. Ал жігіттер жағы қамшы өріп, білектілік көрсетіп жатса, олардың жұбайлары ұмыт болған ұлттық тағамдарды дайындап, балалар өнерлерін ортаға салды. Осылайша, салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып өзара бақ сынасты.

Байқау нәтижесінде Бас жүлде Мекебай отбасына бұйырды. Бірінші орынды Мұқажановтар отбасы жеңіп алса, екінші орын Сембековтер отбасы еншіледі. Үшінші орынды Сауханов пен Хызайхан отбасы иеленді. Ал арнайы номинациялар бойынша «Өнегелі отбасы» – Қалитовтер отбасы, «Дәстүрге берік отбасы» – Пірімқұловтар отбасы мен «Көрермен көзайымы» Мұқановтар отбасына табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тарту етілді.

– Үлкен ұлымыз «Дарын» мектеп-интернатының 7-сыныбында оқиды. Мектебінен сайысқа қатысуға ұсыныс түскендіктен, ойланбастан қатысуға шешім қабылдадық. Байқауға қатысу қиындық тудырған жоқ. Күнделікті дайындалдық. Үйде үлкен атамыз бар. Ол кісі өзі ақын, жазушы. Жолдасым Бақытбек Мекебайұлы екеуміз мектепте ұстазбыз. Өзіміз тіл мамандары болғаннан кейін бізге қатты қиындыққа соққан жоқ. Балаларымыз да қазақи. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді үйде де күнделікті қолданып жүреміз, – дейді Бас жүлде иегері Мекебай ата отбасының келіні Назгүл Қызырқызы.

– Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Әлі де сайыстан алған әсерімізден шыға алмай жүрміз. Осындай сайыстар көп болса екен! Қазақтығымызды одан сайын арттыра түстік. Білмеген салт-дәстүрімізді білдік. Қазақтың әрбір дәстүрінде үлкен философия жатыр ғой шіркін! Ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды да көрдім. Мен, мысалы, қыздың сыбағалы асы үлпершекті әзірледім. Жолдасым өз қолымен алты өрімді, сегіз өрімді арқан өрді. Бұндай сайысқа тек жас отбасылар ғана емес, орта жастағы отбасылар қатысса екен деймін. Байқау ұйымдастырушыларына, демеушілерге мың алғыс! Сайыста 1 орынды жеңіп алдық. Көңіліміз бір марқайып қалды, – дейді 1-орын иегері Мұжановтар отбасы.