Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат берді. Президент сұхбатта ішкі және сыртқы саясат, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, атом электр станцияларының құрылысы және басқа да өзекті тақырыптарға қатысты сауалдарға жауап берді.
Тілшінің елдегі реформалардың нәтижесінде мемлекеттік қызметке келген дарынды жас туралы айтты. Президент жаңа буын өкілдерін үнемі қолдап келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Мен қазақ елінің жастарына сенемін. Сондықтан олардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданды. Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады.
Саяси реформалар аясында партиялардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін берді.
Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады. Сондықтан оларға парасат-пайым жетіспейді деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ билік құрылымдарына аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек. Бұл жерде эксперимент жасаудың қажеті жоқ. Кейбір сарапшысымақтар «Президент Тоқаев жүйені тұралатып тастады, ешқандай өзгеріс болған жоқ, ескі кадрлар орнында қалды» деген сыңаржақ пікірін тықпалаудан танбай жүр. Мұның астарында қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттілігіміздің іргесін шайқайтын пасық ниет жатыр. Асығыстықтың салдары ауыр болуы мүмкін.
Жас басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейді. Менмендігі және өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі кейде олардың өз қарым-қабілетін жоғары деңгейде көрсетуіне кедергі келтіреді. Соған қарамастан, біз жаңа буыннан шыққан кәсіби мамандарға мүмкіндік беріп келеміз. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табады.