Басты бет » Жаңалықтар » Анасын іздеген бельгиялық қазақ баласына қатысты тың мәліметтер табылды

Анасын іздеген бельгиялық қазақ баласына қатысты тың мәліметтер табылды

Қостанай облысының Арқалық қаласында 2002 жылы дүниеге келіп, Балалар үйінде тәрбиеленген. Ал 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазақ баласын бельгиялық жалғыз басты анасы асырап алған.

 

Балалық шағы Бельгияда өткен бауырымыз ата-анасына іздеу салып, арманын арқалап, туған жеріне Испаниядан арнайы келген. Мұраттың айтуынша, ол туған анасының үшінші баласы болуы мүмкін екен. Фламанд тілінде өскен Мұрат, қазақша не орысша білмейді. Бірақ ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді.

Жақында Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы арнайы шығарылым арнады. Хабар барысында Мұратқа қатысты тың мәліметтер табылғаны белгілі болды. Мұраттың балалар үйіндегі аты-жөні Жұмағұлов Жәнібек Мұратұлы деп көрсетілген. Бұл мәлімет ресми құжат – жергілікті әкімдіктің Қаулысымен расталған.

Ал эфир барысында есімін «Мұрат» деп аталуының басты себебі: ол дейін өзін Жани деп келген, кейін әлі көрмеген әкесінің атын ұнатып, өзінің екінші есіміне айналдырған екен. Көпшілікпен де «Мұрат» деп танысады.

«Бармысың, бауырым?» бағдарламасының жүргізушісі, белгілі журналист Қымбат Досжан арнайы хабар барысында жұртшылыққа үндеу жолдап, Мұраттың анасы мен туыстарына қатысты ақпарат білген жағдайда хабарласуын сұрады.

«Қымбатты қазақ халқы! Сіздерге өтінішіміз бар. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынов ауылы, Арқалық, Ақкөл, Аққұм, Торғай ауылының халқына өтініш айтқалы тұрмыз. Мұрат Севальевке қатысты тағы да тың ақпараттар қолымызға тиіп жатыр. Күні кеше 13 парақтан тұратын құжатты алдық. Арқалықта жүрген Мұратқа хабарласып, көшірмесін алуды тапсырдық, — дейді Қымбат Досжан.

Мұраттың анасы жедел жәрдеммен Арқалық перзентханасына 2002 жылы 17 қаңтарда түскен, сол күні таңғы сағат 8:45-те Жәнібек дүниеге келеді.

Фото Қазақ радиосы хабары видеосынан скриншотталды

«Бірақ, Жәнібектің анасы 21 қаңтарда отбасылық жағдаймен кешкі 10-ға дейін үйге барып келейін деп, қолхат қалдырады. Баладан бас тартпаған. Өкінштісі, замандасымыз бұл уәдені орындамады. Сол уәдені орындайтындай үлкен мүмкіндік туып тұр. Яғни, біз анасының атын білсек те, Жәнібектің өтініші бойынша жарияламай тұрмыз. Бірақ, осы Жәнібекті туған замандас, біз сізге мынадай өтініш айтамыз. Сізді іздегенімізге бір аптадан асты. Жер басып, аман жүрсеңіз бізге хабарласыңыз. Бармысың бауырым бағдарламасы құпия түрде тек балаңызбен ғана кездестіріп, ешкімге жарияламай, құпия түрінде қалатынына уәде береміз. Сіздің жазып кеткен қолхатыңыз бұл дәрігерге емес, енді ғана дүниеге келген Жәнібек ұлыңызға берген уәде еді. Сол уәдені орындайтын сәт туды, хабарласыңызшы, біз сізді күтеміз, деді Қымбат Досжан.

Анасын аңсап келген Мұратты елінің жылы қарсы алып, анасы туралы ақпарат табуына үлкен қолдау көрсетілуде. Мұраттың өзі қолдау көрсетіп жатқан ағайынға рахметін айтты. Ал Қазақ радиосы Мұратқа қазақша шапан жауып, сый-сыяпат тарту етті.