Шымкент қаласында мәдениет пен өнер саласын дамытуға бағытталған жаңа жоғары оқу орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама шығармашылық бағытта білім алғысы келетін жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, еліміздегі мәдениет және өнер мамандарын даярлау ісіне тың серпін бермек.
Сурет: ЖИ
Жаңа университеттің ашылуы жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық өнерді насихаттауға және заманауи мәдени жобаларды жүзеге асыруға ықпал етуі мүмкін. Әсіресе музыка, театр, кино, хореография, дизайн және басқа да шығармашылық бағыттарға қызығатын талапкерлер үшін бұл маңызды жаңалық болмақ.
Жаңа жоғары оқу орны Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің мәдениет және өнер факультеті негізінде құрылады. Университетте бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша мамандар даярлау көзделген.
Оқу орнында қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие шығармашылық мамандықтарға басымдық беріледі. Атап айтқанда, кино және драматургия, кино және теледидар режиссурасы, графика және мультимедиа, медиаменеджмент, операторлық өнер мен дыбыс режиссурасы бағыттары бойынша білім беру жоспарланып отыр.
Жаңа университетке ерекше мәртебе беріледі. Бұл өз кезегінде заманауи білім беру бағдарламаларын енгізуге, халықаралық жобаларға қатысуға және шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Аталған бастама еліміздегі шығармашылық индустрияның дамуына да оң әсерін тигізбек. Әсіресе кино, театр, теледидар және цифрлық медиа саласына қызығатын жастар үшін кәсіби білім алып, өз қабілеттерін дамытуға жаңа жол ашылады. Шымкент — мәдениет пен өнер – ұлттың рухани байлығы. Сондықтан үшінші мегаполисте жаңа ұлттық университеттің құрылуы жас таланттарды қолдауға, ұлттық өнерді жаңғыртуға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Фариза АХМЕТ,
Шымкент қаласы
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы