Түркістан қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Алтынай Өтетілеу әлемдегі ең беделді ғылыми-инженерлік байқаулардың бірі Regeneron International Science and Engineering Fair (ISEF)-2026 халықаралық кезеңіне қатысып, өз жобасын халықаралық деңгейде таныстырды.

16 жастағы оқушы АҚШ-та өткен халықаралық жас ғалымдар байқауында ел намысын қорғады. Алтынай Өтетілеу атмосфераның жай-күйін зерттеуге арналған зымыран құрастырған. Бұл туралы turkistan.tv жаңалықтар қызметі хабарлады.
Өнертапқыштың жобасы шетелдік сарапшылардың назарына ілікті. Ғарышқа бала кезінен қызығатын өнертапқыш 500 метр биіктікке дейін көтеріліп, атмосфера туралы дерек жинайтын зымыран жасап шығарған.
– Қазіргі таңда экология өте ластанып жатыр. Сондықтан бізге қазіргі таңдағы атмосфералық деректерді алу маңызды. Біз білетін су тасқыны – біздің елде, әлемде үлкен катастрофа. Осыны алдын алу үшін деректерді енгізетін веб-сайт жасап шығару болды, ал екінші аэроғарыш ғылымын жас өнертапқыштарға қолжетімді ету болды, – дейді Алтынай.
Алтынай республикалық іріктеуде үздік атанып, Техас штатында өз өнерін көрсеткен бес оқушының қатарына енді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 1 700 жас зерттеушінің арасында өз жобасын таныстырып, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтады.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы