Шымкентте мектеп жасына дейінгі балалар арасында тұңғыш рет робототехника жарысы ұйымдастырылды. Сайысқа ата-анасымен бірге қатысқан 30 команда LEGO конструкторы арқылы робот құрастырып, оны басқаруға арналған бағдарлама әзірледі.
RoboPark робототехника және бағдарламалау мектебі ұйымдастырған жарысқа қаладағы бес балабақшаның тәрбиеленушілері мен орталық оқушылары қатысты. 3-5 жастағы бүлдіршіндер әкесімен немесе анасымен жұптасып, өзара бақ сынады. Сайыс барысында қатысушылар LEGO WeDo 2.0 конструкторының көмегімен араның робот үлгісін құрастырып, оны басқару бағдарламасын жасады. RoboPark робототехника және бағдарламалау мектебінің негізін қалаушы әрі директоры Абзал Алибековтің айтуынша, жарыстың басты мақсаты – балаларды ерте жастан техника әлеміне қызықтырып, шығармашылық және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
Сонымен қатар олардың өз ойын еркін жеткізу дағдыларын қалыптастыру көзделген. Жарысқа қатысқан «Аламан» балабақшасының тәрбиеленушісі Салахаддин Оңалбайдың анасы Нұржамал Тұрсынова ұлының техника құрастыруға бұрыннан қызығатынын айтады. Бес жастағы бүлдіршін робототехника үйірмесіне екі айдан бері қатысып келеді. Оның қабілетін байқаған үйірме мұғалімі жарысқа қатысуға ұсыныс жасаған. Анасының пікірінше, робототехника балалардың ойлау қабілетін дамытып, заман талабына сай дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жолы Салахаддин әкесімен бірге сайысқа қатысқан.
«Аламан» балабақшасындағы робототехника үйірмесінің мұғалімі Айболған Мұсаның сөзінше, үйірме ашылғанына бір жыл болған. Бастапқыда 5-6 жастағы балаларға арналған сабақтарға кейін 4-5 жастағы бүлдіршіндер де қабылдана бастаған. Қазір үш топта барлығы 16 бала білім алады. Сабақ аптасына екі рет өтеді.
Мұғалімнің айтуынша, балалар робот құрастыру арқылы негізгі сабақтарда алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданады. Мәселен, үй жануарлары туралы тақырыпты өткенде, олардың робот үлгілерін жасап көреді. Бұл тәсіл балалардың білімін бекітіп қана қоймай, топпен жұмыс істеуіне, өз ойын еркін жеткізуіне және жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе тұйық балалардың ортаға бейімделіп, белсенді болуына көмектеседі.
Жарыс соңында барлық қатысушыға бірдей сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар бұл жолы жеңімпаздарды анықтаудан гөрі, бүлдіршіндердің робототехникаға деген қызығушылығын арттырып, алғашқы талпыныстарын қолдауды маңызды санаған. Сондықтан барлық команда бірдей марапатқа ие болды.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы