Миллиондаған қаралым жинап, көрерменнің ықыласына бөленіп келе жатқан «КітапХан» әдеби YouTube-шоуы «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қосылды. Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен жүзеге асқан бұл қадам жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және әдеби шығармаларды кеңінен насихаттауға бағытталған.
«КітапХан» – қазақ және әлем әдебиетін әзіл мен еркін пікірталас арқылы көпшілікке таныстыратын жоба. Бағдарламада көркем шығармалардың мазмұны талқыланып, кейіпкерлердің іс-әрекеті мен қаламгерлер көтерген мәселелерге назар аударылады. Қатысушылар әдеби туындыларға қатысты өз ойларын ортаға салып, көрерменді пікір алмасуға жетелейді.
Жобаның ерекшеліктерінің бірі – қазақ тілінің байлығын танытуы. Бағдарламада көркем тіркестер, көнерген сөздер мен халықтық сөз орамдары қолданылады. Бұл көрерменнің сөздік қорын молайтып, ана тіліміздің көркемдік мүмкіндіктерін танытуға септігін тигізеді.
«КітапХан» YouTube желісінде кең аудитория жинап, әдеби шығармаларды қызықты әрі түсінікті тілмен талқылаудың үлгісін көрсетіп келеді. Жобаның танымалдығы әдебиетке арналған қазақтілді бағдарламаларға қызығушылықтың жоғары екенін аңғартады.
Елордадағы «Жастар сарайында» «КітапХанның» алғашқы концерті өтті. YouTube арқылы танылған әдеби шоу үлкен сахнаға шығып, көрерменге әдебиет пен әзілді ұштастырған бағдарлама ұсынды.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны еліміздің 20 өңірін қамтиды. Бүгінде оған 1,4 миллионнан астам адам тіркелген. Оқырмандарға қазақ және әлем әдебиетінен 345 шығарма ұсынылған.
Марафон аясында Креативті индустрияларды дамыту қоры «Автормен кездесу» әдеби жүздесулерін жалғастырып, Kitap Club оқырман клубтарын, Kitap Quiz зияткерлік ойындарын және Kitap Talks әдеби кездесулерін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар «Кітаптан креативке» бастамасы бойынша көркем шығармалар негізінде анимациялық бейнероликтер, комикстер мен буктрейлерлер әзірлеу көзделген. Бұл әдеби туындыларды шығармашылықтың өзге түрлерімен ұштастырып, көпшілікке жаңаша таныстыруға мүмкіндік береді.
«КітапХанның» марафонға қосылуы әдебиетке қызығатын жастардың қатарын көбейтіп, кітап оқу мәдениетін дамытуға ықпал етпек. Қор алдағы уақытта да қазақ тіліндегі әдеби жобаларды қолдап, көркем шығармаларды насихаттау жұмысын жалғастырады.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы