NIS–Kazakhstan командасы Парижде өткен беделді iGEM Grand Jamboree халықаралық байқауында екінші мәрте алтын медаль иеленіп, қазақстандық жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін әлемдік деңгейде тағы бір мәрте танытты. Бұл жолы оқушылар химиотерапияның қауіпсіздігін арттыруға бағытталған Chemo Guard ғылыми жобасын ұсынды. Әзірлеме мектеп оқушыларына арналған High School Division санатында таныстырылды.
Биыл NIS–Kazakhstan командасының құрамына 25 оқушы бірікті. Команданың негізін Шымкент қаласындағы Қаратау және Абай аудандарында орналасқан Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Астанадағы NIS IB оқушылары құрады. Сонымен қатар команда қатарына өзге орта мектептердің шәкірттері де қосылды.
ChemoGuard жобасы химиотерапияда қолданылатын 5-фторурацил мен капецитабин сияқты дәрілердің қауіпті жанама әсерлерін ем басталғанға дейін бағалауға бағытталған. Оқушылар осы препараттардың ағзада ыдырауына көмектесетін ферменттің түзілуіне жауапты DPYD генін зерттеген. Гендегі белгілі бір өзгерістер дәрілердің ағзада баяу ыдырауына әкеліп, денсаулыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
Зерттеу барысында жас ғалымдар DPYD геніндегі жеті маңызды өзгерісті анықтау әдісін зертханалық жағдайда сынақтан өткізді. Жүргізілген 66 тәжірибенің барлығында күтілген белгі тіркеліп, жеті бақылау сынағында мұндай белгі байқалмаған. Бұл нәтижелер таңдалған әдістің зертханалық жағдайда жұмыс істейтінін көрсетті.
Айта кетейік, бұл NIS–Kazakhstan командасыныңi GEM байқауындағы алғашқы жетістігі емес. 2023 жылы оқушылар алтын медаль иеленсе, 2025 жылы күміс жүлдеге қол жеткізген еді.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
