– Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай.
Президенттің айтуынша, мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз.
– «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқарады, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, аса ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады.
Тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 2 165 құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы 248 миллиард теңгеден асады.
Осы жылдың он айы ішінде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін өзге де тұлғалар жасаған, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар.
Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз.
Сол себепті түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді.
«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек.
Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным. Соңғы кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарадық. Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған.
Бірақ биліктің кәсіпкерлерге кедергілер, тосқауылдар жасайтын ойы да, ниеті де жоқ. Керісінше, біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз және алдағы уақытта да солай болады, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы:
– Бәріңіз де білесіздер, мен келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге арналған тағы бір үш жылдық мораторий жариялау туралы тапсырмамды бердім. Елімізде біртіндеп орнығып жатқан «Заң мен Тәртіп» құқықтық стратегиясының түпкі мәні де – осы: әділеттілік қағидатына және заң талаптарына сай көмекке мұқтаж адамдарға, сондай-ақ кәсіпорындарға қолдау көрсету.
Жағдай қаншалықты күрделі болса да «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтап қалмайды, үздіксіз жүре береді. Мемлекеттік компанияларға қарасты барлық мекемелер қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр.
Жалпы, бұған ешқандай себеп те жоқ. Керісінше, жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес инвесторлар мен несие берушілердің аталған институтқа деген сенімін арттырып, олардың мейлінше тиімді, ашық және жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп санаймын, – деді.
Президент Бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз иемденген активтерді қайтарғанын еске салды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалса, қазіргі таңда 383 нысан, соның ішінде медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер, спорт кешендері салынып біткенін, жұмыс жалғаса беретінін айтты.
– Қалыптасқан жағдайға қарағанда, нысандар қаншалықты сапалы салынғанын тексеруге себеп бар сияқты. Өйткені нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасы талапқа сай болмайтын жағдай жиі кездеседі. Дегенмен осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни, басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр.
Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін.
Өздеріңізге мәлім, қазір біз жаңа тарихи кезеңге қадам бастық. Енді бір орында тұрып қалуға, бұрынғы жетістіктерді місе тұтып, арқаны кеңге салуға хақымыз жоқ. Әділетті Қазақстанды құру ісінде жалқаулық пен селқостыққа бой алдыруға болмайды.
Ал сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз.
Барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керек. Бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап.
Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.
Осылайша, біз халықтың әл-ауқатын арттыруды және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін түпкі мақсатымызды жүзеге асыруды бастаймыз.
Осы істе Конституциямызда бекітілген Заң, Әділеттілік және Тәртіп қағидаттары айнымас темірқазығымыз болады. Әрине, бұл жол оңай болмайды. Тіпті түрлі қиындықтар да кездесетіні анық. Халқымыз «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпаған. Сондықтан табандылық танытып, алға қойған мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
