Ақ отау

Қыз ұзату, келін түсіру дәстүрі

кыз узату

Жаушы жіберу. Ұлттық ұғымымызда келін түсіру салты ең маңызды дәстүрлердің бірінен саналады. Ол үшін алдымен қыз көріп, жар таңдау мақсатында жаушы жіберу дәстүрі болған. Демек, жаушы дегеніміз – қыз айттыруға баратын өкіл. Ол қыздың әке-шешесімен сөйлесіп, өзара келіскен жағдайда құда түсетін кезді белгілейді. Осылайша, екі жақ үйлену тойы дәстүрлерін біріге орындайды. Жаушы келген кезде қыз жағы халқымыздың қонақжайлық ерекшеліктеріне сәйкес оны арнайы дастархан жайып, құрметпен қарсылайды, мал сойылып, табақ тартылады. Осыдан кейін қыз жағы «қыз ұзатуға», жігіт жағы «құда түсуге» дайындық жасайды.

Қазақстанның оңтүстік аймақтарында жаушыны «хабаршы» деп те айтады. Қыз ата-анасымен ақылдаспай кетіп қалған жағдайда қыздың әке-шешесінен кешірім сұрау мақсатында арнайы бір малы мен киітін беріп, хабаршы жібереді. Ондай малды «бір тоғыз» деп атайды. Ал қыздың келісімін алмай алып қашқан болса, оның хабарын біліп келуге қуғыншы жіберіледі. Қуғыншы болып қыздың жанашыр ағасы мен жеңгесі барады. Олар қыздың өз еркіне салып, барған жерінде қала бергісі келсе, оны куәландыратын жазбаша хатын алып қайтуға тиіс. Қуғыншыларды жігіт жағы сыйластықпен қабылдап, дастархандарынан дәм таттырып, киіттерін кигізіп, шығарып салады. Қуғыншылар әке-шешесіне осы хабарды жеткізіп, ағайын, туысқандарының да келісімін алған соң қуғыншыны да құда деп сыйлайды.

Жасау беру. Қыз бала 12-13 жасқа толғанда ата-анасы оның еншісіне тиесілі бұйымдар мен мүліктерді әзірлей бастайды. Ол қыз жасауы деп аталады. Қыз жасауының құрамына кіретін басты бұйым – сандық. Оған қыздың сәндік киімдері, күделікті тұтынатын жеке заттары, тума-туысқандары сыйлаған бағалы бұйымдары текшелеп салынады. Болашақ жас жұбайларға арналған төсек орын жабдықтарын дайындауға қолы шебер көрші кемпірлер де атсалысады. Өйткені жасау құрамына салынатын жамылғы және төсек көрпелер айрықша ою-өрнектермен әшекейленіп жасалуы тиіс. Жасаудың қаншалықты болатыны қыз жағының шама-шарқына да байланысты. Мысалы, ұзатылатын қыздың жасауы құрамында аса қымбат бағалы әрі әсем бас киім – сәукеле болуға тиіс. Осыған орай этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бір еңбегінде мынадай дерек келтірген екен:

«ХХІ ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүз Сапақбай құда болыпты. Байсақал құдаларына қызының сәукелесін жіберіп, «басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасы «бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының қалың малы бес жүз жылқы болсын» деп кескен екен».

жасау

Демек, ертеректе ұзатылған қыздың дәрежесі өте шебер әйелдердің қолымен өрнектелген сәукелесіне қарап бағаланған ғой. Әрине, мұндай бағалы бас киімді байлар мен өте ауқатты адамдардың қыздары ғана киген.

Қазіргі кезде шамасы келіп жатқандар қыз жасауын той үстінде-ақ алып келіп жатады. Бірқатар жерлерде жасауды қызы тұрмыс құрғаннан кейін бір-екі жыл өткеннен кейін де береді. Оны қыздың өз анасымен тағы екі-үш әйел әкеледі. Жасау әкелген құдағиларға үлкен құрмет көрсетіліп, киіт береді. Жиналған тума-туыстары мен көрші әйелдерге қыз жасауы ашып көрсетіледі. Түйіліп, буылған әр түйін заттың бетіне әдемілеп салынған сыйлықты ашып көрсеткен әйел өзі алып, басқа әйелдермен де бөліседі. Олар өз тараптарынан қыз жасауына байғазы береді. «Сыйластықтарың одан әрі жалғасып, құдалықтарың мың жылдық болсын!» деген тәрізді тілектер айтылды.

Суреттер ғаламтордан алынды

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*