Фото: facebook/Talgat Almanov
– Жаңа қызметімде жаңалықтар бөлімінің жұмысын қадағалап, журналистер мен продюсерлермен тығыз жұмыс істеймін. Сонымен қатар, жаңалықтарымыздың мазмұнды, сапалы әрі көрерменге уақытылы жетуіне атсалысып қана қоймай, репортаждар әзірлеп, зерттеу журналистикасымен айналысуды жалғастырамын.
Маған осындай жауапты міндетті сеніп тапсырған басшылығыма ерекше алғысымды білдіремін. Көрсетілген сенімді ақтап, жаңа қызметімді абыроймен атқару үшін бар күшімді саламын! – деп жазды.
Фото: Талғат Алмановтың инстаграм арнасынан
«Еңбек жолымды қарапайым редакторлық қызметтен бастадым. Алғашында бизнес пен экономика тақырыптарында сюжеттер дайындайтын редактор болдым. Сосын сценарий жаздым, бағдарламалар жүргіздім, ақыры жаңалықтар бөліміне ауысып, қорытынды жаңалықтарды жүргіздім», – дейді Талғат Алманов.
Жас маман студент кезінен жаңалықтар саласында жұмыс істеуді, әсіресе дикторлыққа қызығатынын қалағанын айтты.
«Студент кезімнен жаңалықтарда жұмыс істегім келетін. Әсіресе, дикторлыққа қызығатынмын. Алланың қалауымен студенттік шағымда «Азамат» пікірсайыс бағдарламасына қатысып, көп ұзамай телеарнаға жұмысқа шақырту алдым.
Диктор болып екі жылдан астам уақыт жұмыс істегеннен кейін интеллектуалдық және кәсіби тұрғыда бір орында тұрып жетілдіргім келді. Сол себепті АҚШ-қа барып, халықаралық тәжірибе жинау туралы ойлана бастадым», – дейді журналист.
Фото: Талғат Алмановтың инстаграм арнасынан
Оның осы арман-мақсаты бәсекелістік үлкен АҚШ секілді алып державада білім шыңдап, кәсіби еңбек жолын жалғастыруына, бүгінгідей жетістікке жетуіне жетелесе керек.
«Ол кезде Қазақстанда халықаралық деңгейде тәжірибе жинаған журналистер көп емес еді. Көбіне Ресей мен Украинадан мамандар шақырып, шеберлік сабақтарын өткізетін. Ал мен әлемдік деңгейдегі журналистермен бір ортада жұмыс істеп, солардың тәжірибесін үйренуді армандадым.
Осы арман мені АҚШ-қа алып келді. Журналистика бойынша әлемнің ең үздік универлерінің бірі саналатын Нью-Йорк университетіне (NYU) журналистика мамандығына оқуға түстім. Бәлкім, дәл осы шешім менің кәсіби өмірімдегі ең маңызды бетбұрыстардың бірі болған шығар», – деп еске алды Алманов.
Нью-Йорк сияқты бәсекесі жоғары қалада ABC7 телеарнасында басшылық қызметке дейін жетуіңізге қандай мүмкіндіктер мен шешімдер әсер еткені туралы ол:
«Ең алдымен, өзімізге сенуіміз керек деп ойлаймын. Қазақ жастарының арасында шетелдіктерден өзімізді төмен санау немесе олардың деңгейіне жете алмаймыз деген түсінік қалыптасқан сияқты. Барлығы емес, әрине, бірақ ондай пікірлердің естілетіні рас. Мен бұған келіспеймін. Біздің жастардың қабілеті де, білімі де, әлеуеті де ешкімнен кем емес. Ең бастысы – өзіңе сеніп, сол мақсатқа жету үшін жүйелі түрде еңбек ету. Мысалы, АҚШ-қа келгеннен кейін қыдырыстарды қойып, бар фокусымды білім алып, ағылшынымды жетілдіруге жұмсадым. Әсіресе, журналистикада ағылшын тілінде сауатты жаза білу өте маңызды», – дейді журналист.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы


