Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде қазақ тілінің бүгінгі жайы мен болашағы туралы ой бөлісті.
– Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат.
Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді.
Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда. Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты, – деді Президент.
Мемлекет басшысы айтылған деректердің барлығы жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырғанын, оның қуанышты жайт, жақсы үрдіс екенін айта келе, осындай жұмыстарды жандандырып, күшейте беруіміз керектігіне тоқталды.
– Төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналуда. Мысалы, әлемге әйгілі тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанның, ұлы ойшыл Абайдың, аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұлт өркениетіндегі орны мен еңбегі бірегей.
Ал бүгінде жаһан жұртының сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген, әйгілі Канн фестивалінде үздік актриса деп танылған Самал Еслямова, белгілі шахматшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева, бүкіл жапон халқына, соның ішінде императорға да өте танымал, кәсіби сумода жүрген жалғыз қазақ балуаны, жеңімпаз Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI жаһандық стартап жетекшісі Ерзат Дулатов сияқты нағыз дарын иелері қазақтың мәдениетін, руханиятын, зияткерлік қуатын жан-жақты дәріптеп жүр.
Халқымыз «Елдестірмек – елшіден» деп бекер айтпаған. Бұл азаматтарды еліміздің нағыз отаншыл перзенттері әрі рухани елшілері десек, артық болмас. Қазір Қазақстан көптеген шетел адамдары құрметпен қарайтын, ықпалды мемлекетке айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуды алға тартқан Президент тіліміздің тағдырына қатысты үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейтінін, мұндай әңгімені доғаратын кез келгенін айтты.
– Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді. Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті, қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз.
Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр.
Елімізде сан алуан цифрлық платформалар табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады, – деді Мемлекет басшысы.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
