Астанада отбасы құндылықтарын насихаттап, бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін көтеретін «Отбасы өнегесі» медиа-жобасы көрермен назарына ұсынылды. Жобаның алғашқы шығарылымдары небәрі он күнде 3 миллионнан астам қаралым жинаса, қазір бұл көрсеткіш 8-9 миллионға жуықтаған, деп хабарлайды Jastar janary елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Бұл жобаны қолға алуымыздың өзіндік себептері бар. Біз бүгінде отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесі, ата-ананың жауапкершілігі туралы жиі айтамыз. Алайда осы мәселелерді қоғамға қандай тілмен, қандай форматта жеткізіп жүрміз? Біздің айтқанымыз әр отбасыдағы ата-ананың жүрегіне жетіп жатыр ма? Міне, осы сұрақтар жиі туындайтын.
Сосын біз, комиссия мүшесі ретінде күнделікті жұмыс барысында түрлі отбасылық мәселелермен бетпе-бет келеміз ғой. Отбасындағы түсініспеушілік, ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесіндегі қиындықтар, ұрпақтар арасындағы байланыстың әлсіреуі сияқты мәселелердің түп-төркінінде отбасы мүшелерінің бір-біріне құлақ салмауы, түсінуге тырыспауы, жауапкершілікті сезінбеуі және тағы да басқа себептер жатқанын байқаймыз. Сондықтан біз тек мәселенің салдарымен күресіп қана қоймай, оның алдын алуға ықпал ететін ашық әрі мазмұнды мәселелер талқыланатын алаң құруды жөн көрдік», — дейді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, Астана қаласы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Назгүл Мақжан.
Оның айтуынша, жобаның мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттап қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылау, шынайы оқиғалар арқылы адамдардың көзқарасына ықпал ету.
Сондай-ақ, спикер медиа-жобаның 9 бағыты бойынша дамитынын айтты.
Атап айтқанда, «Үйден үйренгенім» айдарында отбасынан алған тәрбие, өмірлік сабақ пен ұрпақтан-ұрпаққа берілетін өнеге сөз болады.
«Екеуара» бағытында ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, сенім, жауапкершілік және диалог мәдениеті, некенің беріктігі мәселесі кеңінен талқыланады.
«Бала жүрегі» айдарында баланың психологиялық және эмоционалдық жағдайы, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, оның тұлға болып қалыптасуы қарастырылады.
«Әке сөзі» жауапты әке, әкенің бала тәрбиесіндегі орны мен отбасындағы міндеттеріне арналады.
«Ана әлемі» ананың қоғамдағы және отбасындағы рөлін, әйелдің тұлғалық дамуы мен отбасы және кәсіби өмір арасындағы тепе-теңдікті қамтиды.
«Дәстүрдің мәні» бағытында ұлттық салт-дәстүрлердің мағынасы мен тәрбиелік маңызы талқыланады.
«Үш ұрпақ» айдары ата-әже, әке-ана және балалар арасындағы сабақтастықты, үлкенге құрмет көрсету мен кішіге ізетті болуды дәріптейді.
«Сыннан бірге» бағытында өмірдің түрлі сынақтарына тап болған отбасылардың шынайы оқиғалары, соның ішінде ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың тәжірибесі ұсынылады.
Ал «Қауіпсіз отбасы» айдарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, психологиялық қауіпсіздік және жеке шекараны құрметтеу мәселелері көтеріледі.
Жоба жетекшісі әрі жүргізушісінің айтуынша, «Отбасы өнегесі» медиа-жобасы бастапқы шығарылымдарын жариялап үлгерді. Алғашқы қонақтар қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану ғылымдарының магистрі Арайлым Рахым және отбасы психологы, «Отбасы Академиясының» негізін қалаушы Ержан Мырзабаев бар.
«Біз бұл алаңға тек танымал тұлғаларды ғана емес, өз тәжірибесімен бөлісіп, өнегелі әңгімесімен өзгелерге пайдасын тигізуі мүмкін сарапшылар мен қарапайым елорда тұрғындарын да шақыруды мақсат етіп отырмыз. Біздің ұстанымымыз айқын: бір қонақ, бір шынайы әңгіме және көрерменнің жүрегінде қалатын бір маңызды ой», – дейді Назгүл Мақжан.
Оның айтуынша, бұл — елімізде алғашқылардың бірі боп әкімдік жанындағы консультативтік кеңесші органының бастамасымен қолға алынып отырған құндылықтарға негізделген жүйелі идеологиялық ағартушылық жұмыс.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
