Басты бет » Жаңалықтар » ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ ҚАЙ ТІЛДЕ БІЛІМ АЛЫП ЖҮР?

ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫ ҚАЙ ТІЛДЕ БІЛІМ АЛЫП ЖҮР?

Шәкен Тұрар Сәттарқызы,

этнология магистрі, журналист

Сурет ашық ғаламтор көздерінен алынды

Ұлттық санақтың нәтижесі бойынша елде қазақтардың үлесі 70 пайыздан асты деп жүрміз. Бүгінде аралас мектептерде оқып жатқан оқушылардың ұлттық құрамы қандай?

Бүгінде бас қаламыздың 78 пайызы қазақ. 2021 жылға дерекке сүйенсек, Елордамызда жалпы 91 мемлекеттік мектеп бар, оның 34-і қазақ мектебі, 8-і орыс мектебі, 49-ы аралас тілді екен. 45 мыңдай қазақ баласы біліммен орыс тілінде сусындап, өзгенің мәдениеті мен рухыны өз бойына сіңіріп жатыр. Тіпті орыс тілінде білім беретін мектептерге жыл сайын көршілес елдің ЖОО өкілдері келіп, жоғары оқу орындарына алып кетіп жатқаны да білеміз.

Неге қазақ ата-аналар балаларын өзге тілде оқытуға құмар? Ана тіліміздің құлашының кеңеюіне және жыл сайын орыс сыныбына баратын қазақтар санының азаюмауына не кедергі? Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытып жатқанда, өз қазағымыз ұрпағын орыс мектебіне сүйреп, орыстануға дайын.

Салдарынан өз тілін құрметтемейтін, өзге елге қарап елеңдеп тұратын, дүбара ұрпақ саны артып келеді. Олардың уәжі – қазақ мектептерінде білім жоқ, орысша оқыса алғыр, пысық болады, қазақша оқыған бала тұйық, ұялшақ, өз ойын жеткізе алмайтын болады дейді.

Кеңес кезінде «орысша білмесең, адам болмайсың!»,деген ұранмен бірталай қазақ баласын орысша оқытты. Өкінішке орай сол белгілі тұлғалардың көбінің қазір ұрпағы өз тілінде сөйлемейді, әкесінің, атасының қазақша жазған дүниесін оқымайды, түсінбейді.

Сонда егер өз ұрпағына өз тілін үйрете алмаған ұлылардың жазғанын өз ұрпағы түсінбесе, онда өз ұрпағына тәлім бере алмаса, басқаға не ақыл айтпақ? Ауыр болса да, шындық!

Бірақ ауылда қазақша білім алған аға-апаларымыз қазіргі зиялы көшті бастап тұр емес пе? Барлық ақын-жазушыларымыз, белгілі қоғам және мемлекеттік қайраткерлер, өнер мен мәдениет саласының майталмандары қазақша оқыды емес пе? Олар сонда кімнен кем екен?!

«Қазақ мектептерінде білім сапасы төмен» деген пікірге айтарым, қазақ мектебінде оқитын талай ұл-қыздарымыз халықаралық түрлі олимпиадаларда, ғылыми жобаларда жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша да жоғары балл алып жатқандар қатарында қазақ мектептерінің түлектері көп. Алыс-жақын шетелдің оқу орындарына түсіп, талай белесті бағындырып жүрген қазақ тілді ұл-қыздарымыз.

Тувалық құрбымның айтуынша, қазір олардың тілдеріне қысым келтіріліп, мектептері жабылып, жаппай орыс тіліне көшіру саясаты жүріп жатыр екен. Тіпті Үкіметтерінде «Орыс тілінің инспекторы» деген штат бар екен. Ол балалардың орыс мектебіне баруын қадағалап отырады екен. Біз тілімізден айырылып барамыз деп мұңаяды құрбым. «Сендер тәуелсіз елсіңдер ғой, неге аралас мектептерің көп?»,- дейді».

Әрине, өзге тілді біл, «жеті жұрттың тілін» білуге ұмтыл, бірақ ең алдымен өз тіліңді құрметте, тіліңе деген құрмет, еліңе, жеріңе деген құрмет болу керек. Ал жерге деген құрмет тілден басталатынын ұмытпауымыз керек.

«Аралас мектеп екі тілді дегенімен, көбіне орыс тіліне басымдылық беріліп, мектепішілік іс-шаралар орысша өтіп жатады. Себебі орыс тілі бәріне «түсінікті, ыңғайлы» тіл дейді. Ал бұл жерде сол аралас мектепте оқитын қазақ тілді оқушылардың, ұстаздардың өз тілінде ақпарат алу құқығы ешкімді қызықтырмайды.

Дәліздегі оқушылар бір-бірімен орысша сөйлеседі. Мектеп директорымыз қазақ болса да, қазақ тілін менсінбейді. Қазақ тілінің ұстаздары бейшараның халін кешіп жүрміз»,-деген еді елордалық аралас мектепте істейтін құрбым.

Бірер жыл бұрын қаламыздағы мемлекеттен қаржыландырылатын балабақшалардағы көрнекіліктердің бәрінен өзге ұлттың «иісі» шығып тұрғанын, бүлдіршіндерді өзгенің идеологиясымен тәрбиелеп жатқаны жайлы жазған едім.

Аралас мектептердегі ата-аналар жиналысының басы қазақша сәлеммен ғана басталып, орысша өтетін көргенмін. Біраз жыл бұрын балам оқыған №80 мектеп қазақша болып ашылып, өз қаракөздерім «ұлардай шулап» бізге орыс сыныбын ашыңдар деген соң, аралас мектепке айналып кеткен болатын.

Аралас мектептің шақыруымен жиынға бардым. Мектепті таба алмай жүріп, кездескен қаракөз баладан: Балам, №35 мектеп қайда?,-деп сұрадым. Көзі бақырайып. «Я вас не понимаю», дейді. Орысша сұрадым. Қазақсың ба?,-десем, қазақпын дейді. Түрі қазақ, тілі мен ділі бөлек екен. Бір ауыз сөз қазақша сөйлемек түгілі, дым түсінбейді.

Осыған қарап, жалпы аралас, орыс мектептерінде оқитын балаларға мемлекеттік тіл қандай деңгейде оқытылады?,-деген сұрақ еріксіз туындайды екен. «Мұғалім өзі үшін бәрібір қояды»,-деп қазақ тілден «өтірік» бағалар алып жүрген оқушыда мемлекеттік тілді білемін деген құлшыныс бола ма?

Ал жүрегінде мемлекеттің тіліне деген сүйіспеншілік болмаған баладан елін, жерін ойлайтын патриот шыға ма? Олар орыс тілін «ана тілім» деп оқып, солай қабылдайды. Ана тілін оқытқанда адамда бір-ақ ана тілі болатынын, ол туған топырағының нәрімен, ата-бабасының қанымен, анасының сүтімен берілген тіл.

Қазақ ғана өз тілін әр адамзат баласы үшін киелі, қастерлі ұғым ана сөзімен атайтынын қазақ болып туған, бірақ тілі мен ділі өзгерген өскелең ұрпақтың жетесіне жеткізу керек деп ойлаймын.

Аралас мектептердің мәселесі қаншама жылдан бері айтылып жатса да, әлі де шешімін тапқан жоқ.

АРАЛАС МЕКТЕПТІҢ ТАРИХЫНА ТОҚТАЛСАҚ…

Ресей империясы Қазақстанды бiр жарым ғасыр iшiнде әрең жаулап алды да, ХIХ ғасырдың екiншi жартысында Орта Азиялық Бұқара әмірлігі мен Қоқан, Хиуа хандықтарын екi-үш жыл iшiнде-ақ опай-топайын шығарып бодандық құлдық қамытын мойнына кигiзiп үлгердi.

Жергiлiктi халықпен iштей қарым-қатынас жасау үшiн әрi оларды бiртiндеп орыстандырып шоқындыру мақсатымен орыс-түзем мектептерiн ашуды қызу түрде қолға алып, жүзеге асыра бастады.

Сырдария губерниясының тұңғыш-генерал-губернаторы фон – Кауфман Перовскiдегi (Ақмешiт) орыс-түзем мектебiн көзден өткiзiп тексеру үшiн келдi. Орыс тiлiнде оқып жатқан бұратана халықтардың баласы оқитын мектептiң дәрiсiне кiрiп, балалардың орыс тiлiн жақсы меңгерiп жатқанына ризашылық бiлдiрдi.

Бiрақ қоңырау соғылып, балалар далаға шығып ойнап жүргенде, олар тек қазақ тiлiнде сөйлеуiне назар аудара қарады. «Неге олар өз тiлiнде сөйлейдi, не себептi олар өздерi оқыған орыс тiлiнде сөйлеп ойнамайды? Олар өз тiлiн ұмытып, тек орыс тiлiнде ғана сөйлеп кетуi үшiн не амал қолдану керек?» Отаршыл генерал ойланды, ойланды да бiр байламға келдi.

Ол байламы мектепте орыс балалары мен қазақ балаларын аралас мектеп арқылы бiрге қосып оқытып, орыс тiлiнде сөйлеу ортасын орнықтыру керек деген байламға келдi. Сөйтiп орыс, қазақ балаларын араластыра оқыту қажет деген кеңес бердi.

Генерал-губернатор келесi жылы осы ойының жүзеге асуын тексеруге арнайы түрде қайта айналып келiп, олардың ойын үстiндегi сөйлеу тiлiн бақылады. Балалар ендi қоңырау соғылған соң далаға шығып, бәрi де орыс балаларымен араласып, орысша сөйлеп ойнап жатты.

Мақсаты жүзеге асқанына дән риза болды. Осы қалыпты орнықтыруға кеңес бердi. 1903 жылы Әулиеата қаласында ашылған қыздар гимназиясы да осы саясаттың ағарту саласындағы жемiсi едi.

Ертеде миссионер ғалымдар Ильминскийден бастап қазақты орыстандырып шоқындырудың шешушi кiлтi немесе басты идеологиялық құралы – мектеп, оның iшiнде аралас мектепте жатыр деп ерекше мән бере қарады.

Аралас мектеп арқылы шоқындырып орыстандыру, ұлтсыздандыру өмiрге осылайша жол тартқан едi.

Ресей империясы өзiнiң отаршылдық саясатының басты мақсаты – отарланған бөгде ұлт атаулының бәрiн ортақ бiр дiнге, бiр тiлге келтiру арқылы саяси бiртұтас организмге айналдыру болды. Осы ұлы державалық саясат орыс халқын монотiлдi халыққа айналдырып жiбергенiн бүгiнде күнде көрiп, танып бiлiп отырмыз.

Кеңестiк идеологтар да ортақ бiр тiл, бiр халық болып қалыптастыру саясатын мықтап ұстана бастады. Себебi халықтар достығы ұранын бүркенiп орыстандыру арқылы ұлтсыздандыру саясатын саналы түрде жүргiзгендiктен, аралас мектептiң өрiс алып, кең құлаш жаюына айрықша жол ашылды.

Бұдан 200 жыл бұрын, тiптi, орыстың кертартпа тарихшысы М.И. Шербатовтың өзi «бұратана халықтар үшiн ашылған миссионерлiк мектептер осы халықтарды құлдандырудың бiрден бiр жауыз тәсiлi» деп жазған екен.

Аралас мектепті орыстiлдi мектеп деп санай берiңiз. Өйткенi аралас мектептерде қазақша, орысша оқитын балалардың бәрі де сөйлеу ортасы орыстілді болған соң, әрине, орыс тілінде сөйлемей тұра алмайды. Оның үстіне осындай аралас мектепте оқитын, түрі қазақ, тегі қазақ ұл-қыздарымыз өздерiн қазақша оқитын балалардан биік ұстап, оларды «мамбет», «мамбетка» деп кемсiтiп, рухын жасытатындардың өзi ұлтсызданған топтың қарасын күн өткен сайын толықтырып көбейту үстiнде.

Филология ғылымының докторы, профессор, алаштанушы, Дихан Қамзебек төрағалық ететін «Miras» қоғамдық кеңесінің кешегі отырысында жүрегі қазақ деп соққан әр жан үшін ең өзекті тақырыпты қозғадық. Қолыма түскен аралас мектептердегі қазақ, орыс сыныптарының саны мен ондағы білім алып жатқан қазақ балаларының басымдылығы жазылған құжаттағы сандар кеңес мүшелерін қатты ойлантты.

Кеңес мүшелері елдік мүддеде тіл мәселесінің өте өзекті екендігін айтып, аралас мектептердің директорларымен сөйлесіп, ата-аналармен үгіт-насихат жұмысын жүргізу жайлы мәселені көтердік.

Өз тарапымнан балабақшалармен де жұмыс істеп, мектеп табалдырығын аттайтын балапандарымыздың ата-аналарына зиялы қауым өкілдерінің түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін де айттым.

Кеңес мүшелері келесі отырысымызға қалалық білім басқармасын шақырып, отырыста қаралған сұрақтарды талқылайтын, әрі қарай жұмылып әрекет ететін болып шештік.

Сонау қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде қазақ мектебін ашу қиынның қиыны болды. Сол кезде сатирик ағамыз Шона Смаханұлы «Еліміздің келешегі, ұлт болып қалудың түп негізі – отбасы мен ұлттық мектепте» деп жоғары жаққа хат жазып, үй-үйді аралап, қол жинап, қазақ мектебін ашуға бар күш-жігерін салған екен. Сондай заманда ұрпағының қамын ойлаған ағамыздың ерлік әрекетінен біз неге үлгіге алмаймыз?

Ел ертеңіне, ұлт болашағына алаңдайтын азамат ретінде мынандай ұсыныстар айтқым келеді:

1. Сонау патша үкіметі кезінде миссионерлік мақсатта ашылған аралас мектептерді жабу керек;

2. Мектеп директорларын тағайындаған кезде қазақ тілін «түсінетіндерді» емес, еркін сөйлеп, қазақша түс көретіндерге басымдылық берілу керек;

3. Тәуелсіздігімізге отыз жыл толса да, әлі де өзге тілде шүлдірлеген, қаракөз бүлдіршіндерді қазақ тілінде сөйлетудің жолы — барлық балабақшаны қазақыландыру керек.

4. Мемлекеттен қаржыландырылатын жекеменшік балабақшалардағы көрнекілік ақпараттың қай мемлекеттің идеологиясын жүргізіп отырғанын тексеру;

5. Тіл басқармасы, білім басқармасы, қоғам, білім беру мекемелері, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Балаңды қазақша оқыт»,-деген бастама көтеріп, балабақша түлектерінің ата-аналарымен, мектеп оқушыларының ата-аналарымен түсіндірме жұмыстар жүргізіп, «қазақ мектебінде оқыған балада білім жоқ»,-деген стереотиптен арылту керек;

6. Тіл басқармасы, білім басқармасы бастамашы болып, ана тілінің мәртебесін көтеру мақсатында қаланың барлық мектептерінің (қазақ, орыс, аралас) оқушылары арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында әдеби, рухани, танымдық (мақал-мәтел, жұмбақ, ертегі және т.с) түрлі сайыстар, іс-шаралар, мүшайралар, өткізуіміз керек.

7. «Жастар қауымдастығы» бірлестігі, «Жас отан» «Қазақша сөйлеу сән» бастамасын (челенжін) қолға алып, қоғамдық көліктерде бейнероликтер, түрлі іс-шаралар өткізу керек.

«Оян, қазақ!» деп жырлаған Сұлтанмахмұт, «сары маса» болып ызыңдап, халқын оятпақ болған Ахметтердің бүгінгі ізбасарлары -ұлт жанашырлары бірігіп ұлт болашағы үшін тілді сақтап қалуға жұмылуы керек!

Өзге тілділерге «қазақша сөйле!», – деп «таяқтап», олардың тарапынан агрессияға ұшырап тілді де, қазақты да жеккөрінішті еткенше, елдігіміздің бекемдігін, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын ойласақ, тіл – бөлінудің емес, барша халықтың бірлігі мен ынтымағының құралына айналуы тиіс.

Бір елдің азаматтары болған соң тілімізде бір болу керек. Бір тілде сөйлеуіміз керек. Жер ортақ, ел ортақ болған соң, тіліміз де ортақ болу керек. Қазақстанда тұратын, қазақтың нанын жеп, суын ішкен әр азамат, мемлекеттің тілін меңгеру керек. Сонда ғана біз бір елміз деп айта аламыз.

Өз тілімізді өзіміз сыйламасақ, өз ұлтымыздың болашағын өзіміз ойламасақ, өзгеге де оның қажеті жоқ екенін, қазақ тілінің болашағы қазақтың ғана қолында екенін өзіміз де, өзге тілді өз ұлтымызға да түсіндіруіміз керек!

Ит екеш ит те өз тілінде үріп, торғай екеш торғай да өз тілінде шырылдайды. Мал да төлімен өз тілінде ұғынсады. Ендеше, біз неге өз тілімізден безіп, өзге тілге телініп, жүреміз? Егер біз тіл мәселесін бүгін жөндемесек, қорқыныштысы, 22 ғасырда қазақ болып қала алмаймыз.

Әлеуметтік желіден Теріскейге қоныс аударған бауырларымыздың дәрігер жазып берген анықтаманы түсінбей қиналып жүргенін оқыдым. Өз елінде жүріп тіл мәселесінен қиындық көріп жүрген қазақ ғана шығар…

Тәуелсіздігіне 30 жыл толған, егемендігі бар, дербес ел үшін бұл ұят нәрсе емес пе?!

Постқа қоса тіркеп отырған кестеден Елордамыздағы бірнеше аралас мектептердегі қазақ сыныптары мен орыс сыныптарының сандық көрсеткіші мен орыс сыныбында оқитын қазақ балаларының санын көресіздер.

Шошып кетерлік сандар.

Мәселен, №59 мектепте орыс сыныбында оқитын оқушылар саны 2222 болса, оның 2086 – қазақ. №75 мектепте 3508 оқушы болса, оның 3098 қазақ. №17 гимназияда 2270 оқушы болса, оның 2185 қазақ. №24 мектептің 488 оқушының 222 қазақ. №71 лицейде 2538 оқушының 1700 қазақ. №45 мектепте 383 оқушының 224 қазақ. №79 мектеп-лицейдің 2279 оқушының 1963 қазақ. №84 мектеп-лицейдің 1723 оқушының 1521 қазақ. Тек 9 мектептің орыс сыныбында оқитын 16 251 оқушының 13 710, яғни 84,4% қазағымның қаракөз қара домалақтары екен.

Жүрегің қалай ауырмайды?!

Ал сол аралас мектептердегі қазақ сыныптарының пайыздық көрсеткіші өте төмен. Жалғыз №17 гимназияда 137 сыныптың тек 43 қазақ, қалған 94 орыс сыныптары, №59 мектеп-лицейде 140 сыныптың, 65 қазақ, 75 орыс сыныптары, №79 мектеп-лицейде 143 сынып болса, қазақ сыныбы- 65, орыс сыныбы- 78, №45 мектепте 32 сынып болса, 15 қазақ сыныбы, 17 орыс сыныптары, №71 мектеп-лицейде 136 сыныптың 63 қазақ, 73 орыс сыныбы, №75 мектеп-лицейдегі 143 сыныптың 65 қазақ, 78 орыс сыныбы екен.

Барлығы 719 сыныптың 264 (36,7%) қазақ сыныбы, 455 (63,2%) орыс сыныптары екен. Қарасаңыз, орыс сыныптары қазақ сыныптарынан екі есеге жуық көп.

Бұл жай ғана сан емес, әр санның артында тек қарагөз қазақ балаларының тағдыры ғана емес, елдік мүдде, ұлттың болашағы жатқанын ұмытпайық. Әсіресе дәл қазіргі көршілерімізге болып жатқан жайт әр қазақты ойлантуы керек.

Жай ғана ойлантып қоймай, ұлттық мүдде тұрғысында әрекет етуге оятуы керек. Елдігіңді, ертеңіңді ойласаң, балаңды қазақша оқыт, қазағым!

Өз тілінің мәйегіне қанып, ұлтының нәрінен сусындаған ұрпақ ғана өз ұлтына қалтықсыз қызмет етеді.