Басты бет » Жаңалықтар » «Мұғалім» фильмі: Балқаштан басталған өмір сабағы

«Мұғалім» фильмі: Балқаштан басталған өмір сабағы

Биыл Алматының төрінде он бірінші рет өткен «Байқоңыр» кинофестиваліне бару мен үшін ерекше тәжірибе болды. Бірінші курсқа енді түскен, кинотану мамандығында оқып жүрген студент ретінде фильмдерді жай ғана көріп қоймай, оларға кинотанушылық тұрғыдан қарауға тырыстым. Фестивальдің ашылуы жас режиссер Аяна Нурдинованың «Мұғалім» фильмімен басталып, ал жабылуы биыл туғанына 100 жыл толып отырған қазақ киносының классигі Абдолла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамыс» фильмімен аяқталды.

Осы екі фильмнің арасында тақырып жағынан үлкен айырмашылық бар сияқты көрінгенімен, екеуінде де адамның өмірі, таңдауы және қоршаған ортасы туралы ойлануға себеп болатын мәселелер бар.

«Мұғалім» фильмін көргенде ең алдымен оның поэтикалық сарында түсірілгенін, жылы әрі ерекше атмосферасымен баурайтынын байқадым. Фильмде бәрі бірден түсінікті болып, көрерменге дайын жауап берілмейді. Кейбір оқиғаларды өзің ойлап, өзің түсінуге тура келеді. Фильмнің өзі Балқаш қаласында түсірілген. Сондықтан Балқаштың табиғаты, көшелері, базары, үйлері мен көлі фильмнің жай ғана фоны болып қалмайды. Керісінше, олар фильмнің атмосферасына қатты әсер етеді. Фильмнің басты кейіпкері – актер Олжас Дәлелхан экрандаған Жандос есімді жас мұғалім. Ол мектепте кішкентай балаларға музыкадан сабақ береді. Оның пианинода өте жақсы ойнайтыны бірден байқалады. Сабақ кезінде балаларға ән үйретіп, музыкамен жұмыс істейді. Алайда оның өмірі тек мектеппен шектелмейді. Бос уақытында тойларда, түрлі жиындарда пианинода ойнап, ақша табады. Маған кейіпкердің осы қыры қызық көрінді. Себебі ол музыкаға шын берілгенімен, өз өнерінің тек тойларда қалып қойғанын қаламайды. Ол адамдардың жай ғана той өткізу үшін емес, оның музыкасын арнайы тыңдау үшін келгенін қалайды. Сондықтан оның қалаға кетіп, үлкен сахнада өнер көрсеткісі келетіні түсінікті. Ол өз өнерін басқа қырынан танытып, өзін жаңа ортада сынап көргісі келеді.

Бірақ ол үшін туған жерінен кету оңай емес. Ол анасымен екеуі бөлек тұрса да, анасына жиі барып тұрады. Екеуінің арасында қарапайым, бірақ жылы қарым-қатынас бар. Анасы баласының болашағын ойлап, оны бір қызбен таныстырып, отбасын құрғанын қалайды. Ал басты кейіпкердің ойы басқа. Ол үйленіп, сол жерде қалып қоюды емес, қалаға кетіп, музыкамен айналысуды ойлайды. Осы жерде анасының сөзі де маңызды. Ол баласына қалада ондай пианистер көп екенін, бәсекелестік бар екенін айтады. Бір жағынан, анасы баласының арманын түсінбейтін сияқты көрінеді. Бірақ екінші жағынан, ол баласын өмірдің қиындықтарынан қорғағысы келетін адам ретінде көрінеді. Анасы үшін баласының қасында болғаны маңызды.

Фильмдегі тағы бір маңызды кейіпкер – Жандостың көршісі. Ол жалғыз өзі аутизмі бар ересек баласын тәрбиелеп отырған әйел. Баласының нақты диагнозын фильмнен толық түсіну қиын, бірақ оның ерекше күтімді қажет ететіні анық. Бір көріністе әйел дәріханаға барып келгенше, баласына қарап тұруын сұрайды. Басты кейіпкер оның өтінішін қабылдайды. Бұл көріністерде әйелдің қатты шаршағанын байқауға болады. Оның бет-жүзінен де, көзінен де шаршағаны көрінеді. Ол баласын жақсы көретіні байқалады, бірақ сонымен бірге жалғыз өзі бәріне үлгеруге тырысып жүрген адам. Кейін ол баласына тамақ беріп, душқа түсіп, үйден шығып кетеді. Балқаш көліне барып, өзіне тас байлап суға түседі. Яғни ол өзіне-өзі қол жұмсайды. Бұл фильмдегі ең ауыр эпизодтың бірі болды. Бірақ режиссер бұл оқиғаны қатты айқаймен немесе арнайы музыкамен көрсетпейді. Керісінше, фильмнің жалпы тыныштығын осы жерде де сақтайды. Сол себепті оқиға одан сайын ауыр сезіледі. Осы кейіпкер арқылы режиссер жалғызбасты ата-аналардың, әсіресе ерекше бала тәрбиелеп отырған адамдардың өміріндегі қиындықтарды көрсетуге тырысқан сияқты. Адам сыртынан қарағанда жай ғана көрші әйелді көреді. Бірақ оның ішінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Оның қаншалықты шаршағанын, қандай қиындықтармен өмір сүріп жүргенін біз тек фильм арқылы түсінеміз. Басты кейіпкер өзі бұл оқиғаның жанында тұрса да, бірден оның мәнін түсіне қоймайды. Тіпті бір түні көршісінің баласының «мама» деп айқайлап жатқанын естіп, оған аса мән бермей ұйықтап қалады. Бұл да кейіпкердің мінезін көрсетеді. Ол жаман адам емес, бірақ айналасында болып жатқан нәрселердің бәріне бірдей назар аудара бермейді. Оның өз арманы, өз мәселесі бар. Сондықтан фильмдегі басқа адамның қайғысы оның өміріне біртіндеп әсер етеді.

Рүстем Жаныаманов – экрандаған Жандостың досы да фильмдегі маңызды кейіпкерлердің бірі. Ол мектепте бірге жұмыс істейді, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді және тойларда асаба болады. Өзі пианинода ойнаса, оның досы той жүргізеді. Екеуі бір-бірін толықтырып тұрғандай. Олар күнделікті өмірде де, жұмыста да бірге жүреді. Досы оның қалаға кеткісі келетінін білгенде, оған ағасы арқылы көмектесуге тырысады. Оның ағасы кезінде Балқашта тұрған, кейін қалаға көшіп, жеке кәсібін ашқан. Досының айтуынша, ол қазір жақсы жағдайға жеткен. Сондықтан бұл қалаға кетудің бір мүмкіндігі сияқты көрінеді. Осы сәтте фильмде басты кейіпкердің арманына байланысты режиссер қызық шешімді ұсынады. Жандос қалада үлкен театрда пианинода ойнап, адамдардың оған қарап, қол соғып тұрғанын түс арқылы көрсетеді. Бұл оның ішіндегі арманын бейнелегендей. Ол дәл осындай көрермен алдында өнер көрсеткісі келеді. Бірақ түс бір сәтте қорқынышты жағдайға айналады. Досының ағасы сахнаға шығып, өзінің өмір сүрген өмірі туралы айтып, кейін өзіне қол жұмсайды. Бұл эпизод маған фильмнің қызық жерлерінің бірі болды. Осыған дейін басты кейіпкердің ұқсас көріністі теледидардан көргені көрсетілген. Яғни фильмде түс пен шынайы өмір бір-бірімен байланысып кетеді. Түсінде көрген оқиғасы оның ішкі қорқыныштарын да білдіруі мүмкін. Мүмкін, режиссер бұл арқылы адамның арманына жету үшін бәрін тастап кетудің өзі әрқашан оңай емес екенін көрсеткісі келген шығар. Ол қалаға кеткісі келеді, үлкен сахнада өнер көрсеткісі келеді. Бірақ оның ішінде туған жерінен, анасынан, өз өмірінен алыстауға байланысты қорқыныш та бар сияқты.

Фильмдегі табиғаттың орны ерекше. Балқаш көлі фильмде бірнеше рет көрінеді. Көл жай ғана әдемі көрініс ретінде емес, кейіпкердің өмірімен бір толқында тербеліп тұрады. Әсіресе фильмнің соңында басты кейіпкердің көлге барып, суда жүзіп, кейін судың бетінде жай ғана қалқып жатуы есте қалады. Фильмнің соңғы кадрларының бірінде Жандос велосипедпен Балқаштың жағасымен үйіне қарай кетіп бара жатады. Құлағында құлаққап, артында көл көрінеді. Камерада бір жағынан табиғат, екінші жағынан велосипед теуіп бара жатқан адам көрінеді. Бұл кадрдың өзі фильмдегі кейіпкердің бүкіл өмірін қысқаша көрсететіндей. Ол туған жерінен кеткісі келеді, бірақ фильмнің соңында біз оны тағы да Балқаштың жағасында көреміз.

«Мұғалімде» басты кейіпкер пианист болғандықтан, музыка маңызды орын алады. Бірақ фильмнің барлық жерінде музыка ойнай бермейді. Кейбір ауыр немесе эмоционалды көріністерде арнайы музыка қойылмайды. Оның орнына тыныштық қалады. Менің ойымша, бұл көрерменге кейіпкерлердің жағдайын өзінше сезінуге мүмкіндік береді. Жалпы, фильм өте баяу әрі тыныш көрінеді. Бір қарағанда, үлкен оқиғалар болып жатқан сияқты емес. Бірақ фильмнің ішінде бірнеше адамның өмірі қатар көрсетіледі: өзінің арманына жете алмай жүрген жас мұғалім, баласына жалғыз қарап шаршаған әйел, оның ерекше баласы, басты кейіпкердің анасы және қалаға кеткен досының ағасы. Олардың әрқайсысының өз мәселесі бар. Фильмнен кейін менде «мұғалім» деген атау тек мектепте сабақ беретін адамды ғана білдірмейді деген ой қалды. Басты кейіпкер балаларға музыка үйретеді, алайда фильмде өмірдің өзі оған ұстаз болады. Ол айналасындағы адамдардың тағдырына куә болып, сол арқылы өз өміріне де басқаша қарай бастайды.

Маған фильмнің ең маңызды тұсы – адамның сыртқы өміріне қарап, оның ішкі жағдайын бірден түсіну мүмкін емес екені. Біз басты кейіпкердің көршісін жай ғана баласы бар әйел деп көреміз. Бірақ оның ішінде қанша шаршау бар екенін кейін ғана түсінеміз. Басты кейіпкердің өзін де бастапқыда жай ғана музыкадан сабақ беретін мұғалім ретінде көреміз. Ал оның ішінде қалаға кетіп, үлкен сахнада өнер көрсету арманы бар. Мүмкін режиссер көрерменге нақты бір жауап бергісі келмеген шығар. Керісінше, әр адам фильмді көріп болған соң өз жауабын тапсын деген сияқты. Мен де фильм аяқталғаннан кейін кейіпкердің қалаға кетуі немесе кетпеуі туралы емес, оның осы уақытқа дейін өмір сүрген өмірі туралы көбірек ойландым. Бірінші курс студенті ретінде фильмге қарап отырып, мен әлі де көп нәрсені кәсіби түрде түсіндіре алмайтынымды білемін. Бірақ «Мұғалім» фильмін көргеннен кейін оның әр кадры, Балқаштың көрінісі, велосипедпен кетіп бара жатқан жас мұғалім және көлдегі соңғы көрініс әсерлі сезім сыйлады.  Меніңше, кейде фильм туралы ең маңызды нәрсе – оны көргеннен кейін сенің есіңде не қалғаны және ол туралы әлі де ойлай беруің. «Мұғалім» маған дәл сондай әсер қалдыруымен ерекшеленді.

Ал фестивальдің жабылуында көрсетілген режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамыс» фильмі «Мұғаліммен» салыстырғанда мүлде басқа әсер қалдырды. Егер «Мұғалімде» ересек адамның өмірі, жалғыздығы және өз орнын іздеуі көрсетілсе, «Алты жасар Алпамыс» – баланың әлемі, мектепке бейімделуі және оның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы алдыңғы орынға шығады. Фестивальдің дәл осы екі фильммен ашылып-жабылуы ерекше әсер сыйлады. Бір фильмде балаларға білім беретін жас мұғалімнің өмірі көрсетілсе, екінші фильмде мектеп табалдырығын аттаған баланың өміріне қараймыз. Яғни бір жағында – мұғалім, екінші жағында – оқушы. Бірі балаға сабақ береді, екіншісі сол мектеп әлеміне енеді. Сондықтан мен үшін «Байқоңыр» кинофестивалі тек фильмдер көретін алаң емес, әртүрлі адамдардың өміріне қарап, олардың мәселесін түсінуге мүмкіндік берді.

 

Айша ТӘҢІРБЕРГЕН,

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» мамандығының 1-курс студенті