Басты бет » Жастар үні » NEET санатындағы жастар қандай қолдауға ие?

NEET санатындағы жастар қандай қолдауға ие?

Үміт Божымбетованың жасы 34-те. Ол — көпбалалы ана. Отбасында ерекше бала тәрбиелеп отырған Үміт бұған дейін мектепте жасаған қызметін тастауға мәжбүр болыпты. Себебі көп уақытын бала күтіміне арнайды.

Қазіргі тілмен айтсақ, кейіпкеріміз NEET санатындағы жастар тобына жатады.

Сенімді серіктес, берік байланыс

Ақтөбелік жас отбасы Дәурен Сайынов пен Үміт Божымбетованың шаңырағында бүгінде төрт бала өсіп жатыр. Солардың бірі — ерекше бала. Туғанынан сал ауруына шалдыққан әрі құлағының мүкістігі бар қызының жасы 8-де. Екі жасында баласының бойында осындай аурудың белгілері барын білген Үміт мұғалімдік қызметті біржола тастап, қызын адам қатарына қосу үшін барын салады. Үздіксіз ем-дом алып, оқыту, тәрбиелеу ісінде мамандардың ақыл-кеңесіне жүгіне отырып, үйде ерекше баламен жеке жұмыс істеуді мақсатты түрде қолға алады. Ақтөбедегі «Аяла» оңалту орталығында әр үш ай сайын ем қабылдап, Алматыдағы оңалту орталықтарында бірнеше рет болды.

Облыста NEET санатындағы жастар тобына арналған «ZHAS PROJECT» әлеуметтік жобасы бойынша 14 жеңімпаз анықталған еді. Олардың әлеуметтік жобаларын іске асыруға 1 000 000 теңгеге дейін шағын қайтарымсыз грант ұсынылды. Үміт Божымбетова — сол жобада жеңіске жеткендердің бірі.

— Хоббиім — тәтті тағамдар пісіру. Қолымнан келетін нәрсені өзім сияқты аналарға үйретуге бел будым. Бұған дейін үй жағдайында торт, басқа да тәтті тағамдар пісіріп, тапсырыс қабылдадым. Әрине, бұл тұрақты жұмыс болмағандықтан, өз-өзін ақтай бермейді. Алдағы уақытта әлеуметтік жобаға қатысты бизнес-идеям бойынша мүмкіндігі шектеулі баласы бар 50 анаға бұл кәсіптің қыр-сырын шеберлік сағаты арқылы үйрету ойымда бар. Дегенмен бұл жобаны жүзеге асыру үшін серіктес тартуға тура келді. Ол үшін мен арнайы кондитерлік цехы бар әріптесіммен бірлесіп, осы істі жүзеге асырмақпын. Бұл іске қабілетті әрбір адамның қолынан әртүрлі өнім әзірленеді. Сондықтан менің білетінімді ол білмеуі мүмкін. Серіктесім екеуіміз өзара келісіп, бірлесе бағдарлама жасап, жұмыс істеуге келістік, — деді Үміт.

Тәлімгер дәрісі

Бүгінгі күні аталған жобаның келесі кезеңі — «Кәсіпкерлік апталығы» бойынша тәлімгер Сәкен Құбайдуллиннен олар іскерлік дағдыларды үйреніп, өз жобаларын ілгерілету, дамыту және жүзеге асыру бойынша тренинг сабақтарда жүр.

— Қазіргі күні бізге кәсіпкерліктің қыр-сыры, жаңадан кәсіп бастаушының тәуекелі, талдау жүргізу, бұл жолдағы қиындықты жеңу сияқты мәселелер тақырыбында дәріс оқылып жатыр. Сонымен қатар жеке кәсіпкердің салық төлеу ісі, әлеуметтік желілерде әрекеттер жасау арқылы табысты қалай молайту қажеттігі турасында тәлімгер сабақтарынан көп нәрсені ұғынып жатырмыз, — деді кейіпкеріміз.

Үміт грант қаражатына тәтті тағамдар пісеретін пеш және өз өнімдерін дүкенге қою үшін тоңазытқыш алуды мақсат етіп отыр.

— Бұған дейін пайдаланып жүрген пешімнің сапасы төмен. Алайда шеберлік  

сағаттарын өткізуге жарайды. Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың ортақ чаты бар. Алдағы уақытта шеберлік сағатыма қатысуға ниетті аналарды табу маған қиынға соқпайтын сияқты. Егер мұндай аналардың санын толықтыра алмай жатсам, қаладағы жұмыспен қамту орталығынан тізім алуға сұраныс жіберетін боламын, — деді Үміт.

Кезінде өзі де қаладағы мықты кондитерлердің шеберлік курсына қатысып, тәтті тағамдар пісірудің қыр-сырын меңгерген Үміт бастапқы уақытта өзі оқытатын аналардың арасынан 3-4 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

NEET жастар. Олар кімдер?

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл екінші тоқсандағы жағдайға сәйкес елімізде 15 пен 34 жастағы NEET санатындағы жастар саны — 401 584. Бұл — аталған мәселені түпкілікті зерттеп жүрген отандық сарапшылардың дерегі.

Ғылымда NEET термині ағылшын тіліндегі «Not in Empoloyment. Education or Training» ұғымының бас әріптерінен құралған. Қазақ тілінде «білімі, жұмысы немесе кәсіптік даярлығы жоқ» деген мағынаны білдіреді. Кейде бұл санаттағы жастарды «Ни-Ни буыны» (испанша ni estudia, ni trabaja)деп те атайды.

Дереккөздерде әлеуметтік тәжірибе бойынша NEET санатына 15-34 жастағы жастар кіретіні айтылады. Олар жасына қарай төрт топқа бөлінеді: 15–19, 20–24, 25–29 және 30–34. 2000 жылға дейін NEET жастарына әр елде әртүрлі сипаттама берілген. Зерттеушілердің айтуынша, 1990 жылдары Британияда сабаққа құлшынысы жоқ 16–18 жастағылар мен мектептен кейін жоғары білім алуға талпынбайтын жастар саны көбейіп кетіп, бұл құбылысты шұғыл зерттеу қажеттілігі туындаған. NEET термині де сол кезде қолданысқа түскен.«Еуропаның бірқатар елдерінде 16–18 және 16–24 жас аралығындағы жастарға көп көңіл бөледі. Себебі дәл осы жаста мектеп пен оқу орындарын бітірген жастар жұмысқа орналаса бастайды, ал бұл — мемлекет үшін маңызды процесс. Әрине, бұл санаттағы жастарды анықтауда әр елдің өз сипаттауы, өз контексті болуы мүмкін. Мысалы, Жапонияда үйленбеген, жұмыс істемейтін ер адамдарды NEET санатына қоспайды: бұл елде оларға тарихта «хикикмори» деген атау берген. Қазақстанда бұл санатты есептеп, анықтау үшін 15-24 және 15-28 жастағы жастар арасында мониторинг жүргізіледі. Біздің елде бұл санаттағы жастар «жұмыссыз» және «белсенді емес» деп сипатталады», — дейді зерттеушілер.

Бүгінгі күні еліміздегі NEET жастар 7 санатқа бөлінеді. Олар — білімі, белгілі тәжірибелік дағдылары бар, бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруды қаламайтын, біреудің асырауындағы адамдар; жасөспірім балалары бар жас келіншектер және жалғызбасты аналар, соның ішінде ерте ана болған жас келіншектер; еркін табыс табуды қалайтын, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер; білімі нашар, біліктілігі және тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары;оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ күнкөрісі төмен отбасынан шыққан мектептің түлектері, жетімдер;денсаулығы нашарлығынан жұмысқа орналасуда қиындықтары бар мүмкіндігі шектеулі адамдар және бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік және алкогольдік тәуелділігі бар, оңалтудан өткен жастардың бейәлеуметтік тобы.

Цифрлық карта және 11 624 жас

Облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жалпы жұмыс бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиевтің айтуынша, облыста  NEET санатындағы жастармен тұрақты жұмыстар жүргізіледі.

— Бүгінгі таңда аймақтағы NEET санатындағы жастармен тәрбиелік мәні зор жұмыстар жүргізу, оларды әлеуметтендіру және жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтыр қыркүйектен бастап пилоттық режимде NEET санатындағы жастарды «Отбасының цифрлық картасына» енгізу жұмыстары қолға алынды. Цифрлық картаға облыс бойынша NEET санатындағы, яғни 18-35 жас аралығындағы 11 624 жастізімге енгізілді. Осы жастардың мекенжайы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды алдағы уақытта жұмысқа орналастыру, оқыту, кәсіпке тарту,  гранттар немесе несиелер беру арқылы  NEET санатынан шығару шараларын жүзеге асырып жатырмыз, — деді Е.Нұрғалиев.

Оның айтуынша, жыл басында мамандарауылдық жерлердегі 35 жасқа дейінгі жастарға скринингжүргізіп, 260 мың адамды қамтыған ауыл жастарының паспортын жасақтапты. Скрининг нәтижесінде, жұмыссыз ретінде 3761 жас анықталған. «Қазіргі таңда осындай жастарды әлеуметтік қолдау мен олардың бос уақытын тиімді пайдалануға  бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі — жеке демеушілердің қолдауымен жұмыссыз жүрген  жастарды әлеуметтік қолдауға бағытталған «DEM» әлеуметтік бастамасы.  Бастаманың алғашқы кезеңінде «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатқан елді мекендерден іріктелген22 жұмыссыз жас қамтылды», — деді.

«DЕМ»: бес түлектің кәсібі

«DEM» — ауылдағы жұмыссыз жастардың бос уақытын тиімді өтікізіп, кәсіптік дағдылауға бағытталған еліміздегі бірегей жоба. Мақсаты — жастарды  ауылға шоғырландыру және сұранысқа ие кәсіп түрлеріне бағдарлау арқылы жұмыссыздықты азайту. «DEM» әлеуметтік бастамасы бойынша ауыл жастарына сандық, құқықтық, қаржылық сауаттылықты арттыру, кәсіпкерлік дағдыларға үйрету және басқа да қызмет түрлері көрсетілген. Жоба қорытындысы бойынша әрбір қатысушыға тәлімгер бекітіліп, бизнес-жобаларын қорғап, сертификаттарға ие болды.

— Қазіргі таңда «DЕМ» бағдарламасының 5 түлегі өз кәсібін бастаса, соның үшеуі  «Ауыл аманаты» жобасына қатысуда. Алдағы уақытта кем дегенде тағы жұмыссыз жүрген 100 жасты қамту жоспарымызда бар. Қазіргі таңда демеушілер іздестіріліп жатыр, — деді басқарма өкілі.

23 рейд және сағат 23.00

Облыста NEET санатындағы жастар арасында құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу және диструктивті діни ағымдарға қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Бұл орайда жастар ресурстық орталығы қызметкерлері мен «Жас сақшы» волонтерлік тобы мүшелері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге кешкілік рейдке шығады.

— Адамдар көп шоғырланатын теміржол вокзалы, Орталық базар маңы және  шағын аудандардағы криминогендікөшелерге, түнгі клубтар мен мейрамханаларда 23 рейд жүргізілді. Іс-шаралар барысында кәмелетке толмаған жасөспірімдерге сағат 23.00-ден кейін заңды өкілінсіз көшеде жүру фактісі бойынша тәртіп бұзғаны анықталып, ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарыжүргізілді, — дейді мамандар.

Қазіргі таңда әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан жастарды жұмыспен  қамтуда аймақта бұдан өзге де түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. «Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың өңірде тиімді жүзеге асырылып жатқанын байқауға болады. Себебі жастар жұмыссыздығы деңгейі 2,1 пайыз көрсеткіште қалып отыр. Орташа республикалық көрсеткіш — 3,6 пайыз, — деді Е.Нұрғалиев.

P.S. Биыл екінші тоқсанда аймақтағы NEET санатындағы жастардың үлесі 6,6пайызға төмендепті. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға аз.

Арайлым НҰРБАЕВА

aqtobegazeti.kz