1-7 қазан күндері аралығында өткен Қазақстанның Халық артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақтың Қыз Жібегі МЕРУЕРТ ӨТЕКЕШЕВАНЫҢ 75 жасына арналған «ТЕАТР АLL» IV Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін «ТЕАТР АLL» IV халықаралық театр фестивалінің басты мақсаты – Қазақстанның Халық артисі, көрнекті театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, көрермен қауымды оның өнердегі өнегелі жолымен таныстыру болатын.
Меруерт Өтекешеваның есімі қазақ кино тарихында, ең алдымен, «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесімен мәңгілікке таңбаланды. Актриса сомдаған Жібек образы қазақ киносының ең танымал әрі көрермен жүрегінен орын алған әйел кейіпкерлерінің біріне айналды. Оның нәзік болмысы, актерлік шеберлігі мен сахнадағы және экрандағы дара қолтаңбасы ұлттық өнер тарихында өзіндік із қалдырды.
Салтанатты іс-шараның ашылуында сөз алған Қазақстанның Халық артисі Меруерт Өтекешева биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан Әуезов театры мен өнердегі ұстаздары туралы жылы естеліктер айтты.
«Осы фестиваль маған арналған сияқты. Бірақ бұл – өнер мерекесі. Менің бойымдағы өнерді ұстаздарым, «Қыз Жібек» фильмін түсірген атақты режиссеріміз Сұлтан-Ахмет Қожықов және КСРО халық әртісі Қадиша Бөкеева ашты. Бұл жерде ата-анамды да айту керек. Олар маған жақсы тәрбие берді. Олардың сол тәрбиесі мені осы дәрежеге жеткізді. Менің сүйікті театрым, биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан Әуезов театрын да атап өтуім қажет. Қалай болғанда да, мен сол театрда 50 жылдан астам жұмыс істедім. Қазір Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жастар актер болу үшін ғана емес, алдымен адам болу үшін тәрбие беріп жатырмыз. Қадиша апайымыз ылғи осыны ерекше айтушы еді. Ол «Егер бойында адамгершілік, жүрек таза болса рөлдер де жақсы шығады» дейтін. Әуезов театрында ойнаған ең алғашқы рөлім «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман бейнесі. Сол өнер ошағында Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Бикен Римова секілді сахна саңлақтарымен бір сахнада тоғыстым. Сол үшін бақыттымын. Бұл кісілер өнерде үлкен із қалдырды. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды», – деді Меруерт Өтекешова.
Биыл төртінші мәрте Астана төрінде ұйымдастырып жатқан бұл халықаралық фестивальге Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның үздік театр ұжымдары қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен бірқатар театр ұжымдары мен өнер майталмандары фестивальдің арнайы аталымдары мен жүлделеріне ие болды.
«Үздік қойылым» номинациясы бойынша Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектаклі үздік деп танылды.
«Үздік актерлік ансамбль» номинациясы Б.Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жас көрермен театрының «Жәмилә» спектакліне берілді.

«Үздік режиссура» номинациясын Н.Жантурин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той» спектаклін қойған режиссер Дина Жұмабаева иеленді.
«Үздік ер адам бейнесі» аталымында Музыкалық жас көрермен театрының «Шәкәрім» спектакліндегі Шәкәрім рөлі үшін Аян Өтепберген марапатталды.
«Үздік әйел адам бейнесі» номинациясы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Сотворившая чудо или что такое любовь?» спектакліндегі Анни ролін сомдаған Полина Харламоваға табысталды.
«Үздік актерлік дуэт» жүлдесіне Өзбекстан мемлекеттік драма театрының «Ләйлі мен Мәжнүн» спектакліндегі Ләйлі мен Мәжнүн ролдерін сомдаған Нодир Мухаммаджонов пен Хусния Турамуротова ие болды.

«Үздік сценография» аталымы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Анна Каренина. Роман парақтары» спектаклі үшін Қанат Мақсұтовқа берілді.
«Спектакльдің үздік музыкасы» жүлдесін Ақмола облыстық орыс драма театрының «Выстрел на перевале Караш» спектаклі үшін Батырхан Сабыр иеленді.
«Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» аталымында Асанәлі Әшімов театрының «Томирис» спектакліндегі Бахтияр рөлі үшін Мұхтар Қосыбай марапатталды.
«Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» жүлдесі Н.Жантурин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той»спектакліндегі Эмма рөлін сомдаған Гюль Зиятоваға табысталды.
Фестивальдің арнайы жүлделері де өз иелерін тапты.
«Асанәлі Әшімов атындағы жүлде» С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық сазды драма театрының «Макбет» спектакліндегі Макбет рөлі үшін Нұржан Бейсбековке берілді.
«Хадиша Бөкеева атындағы жүлдеге» Атырау Жастар театрының «Қаралы сұлу» спектакліндегі Қаракөз ролі үшін Гүлдана Көшербаева ие болды.
«Құман Тастанбеков атындағы жүлде» «М.Театр» тәуелсіз театрының (Әзірбайжан Республикасы) «Овод» спектакліндегі Артур ролі үшін Зия Агаға табысталды.
«Меруерт Өтекешева атындағы жүлде» Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Анна Каренина. Роман парақтары» спектакліндегі Анна Каренина рөлі үшін Ақмарал Танабаеваға берілді.

Сонымен қатар фестивальдің кәсіби бағыттағы арнайы аталымдары бойынша да жеңімпаздар анықталды.
«Үздік балетмейстер» аталымының иегері – Астана қалалық циркінің «Contrasst» би театрының «Метамарфозы» спектакліндегі жұмысы үшін Карина Жиренбаева.
«Режиссурадағы жаңа есім» аталымы Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының «Қатынқамал» спектаклі үшін Нұржан Ізтаевқа берілді.
«Үздік эпизодтық роль» (ер адам) аталымында «Қанаттылар» инклюзивті театрының «Абай-ЛА»спектакліндегі Адам рөлі үшін Ислам Мағытанов марапатталды.
Ал «Үздік эпизодтық роль» (әйел адам) жүлдесін Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Танакөз» спектакліндегі Нұргүл апа рөлі үшін Бибігүл Исалиева иеленді.
Фестиваль қорытындысы театр өнеріндегі шығармашылық ізденістердің, халықаралық мәдени байланыстың және кәсіби тәжірибе алмасудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

