Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәстүрлі «Еуразия аруы» сұлулық байқауы өтті. 100-ге жуық студент ару байқауға қатысуға ниет білдірсе, іріктеу кезеңінен өткен 7 бойжеткен ақтық сында өнер көрсетті.
Үміткерлер Томирис Байғабыл, Жанель Серікова, Диана Үмбетовa, Сымбат Қабдыкәдірова, Диана Бахытқызы, Фариза Шиншалина, Әнел Жакаим «Этно-кэжуал», «Ретро-80», «Өнер», «Болашақ-модерн», «Грация» кезеңдері бойынша өзара бақ сынады. Арулардың өнеріне баға берген қазылар-алқасының құрамында елімізге белгілі ENU түлектері және кәсіпкерлер болды. Белгілі журналист Айгүл Мүкей, «Ai flowers» директоры Гүлім Сәлімғалиқызы, «Еуразия аруы – 2022» жеңімпазы Даяна Шаяхметова, ENU түлегі Айгерім Тулекина, кәсіпкер Зарина Гусман және «Soul Event» директоры Мейіржан Өмірбеков қатысушылардың өнерін бағалап, үздік аруды таңдады.
Сөйтіп, университеттің Журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенті Томирис Байғабыл «Еуразия аруы-2023» байқауының жеңімпазы атанды.
«Еуразия аруы-2023» тәжін киген Томирис «Байқауға дайындалу арқылы өзімдегі сенімсіздікті жеңе алдым», — деп өз әсерімен бөлісті.