Басты бет » Жаңалықтар » Өнер мен шабыт тоғысқан алаң: Қуыршақ театры IV Халықаралық «BIKEN FEST» театр фестивалінде

Өнер мен шабыт тоғысқан алаң: Қуыршақ театры IV Халықаралық «BIKEN FEST» театр фестивалінде

Фестиваль – әрбір театр ұжымының кәсіби деңгейі сарапқа салынатын өнер алаңы. Сонымен қатар шығармашылық өрлеу бағыттары, талант пен талғамның үйлесімді нәтижесін айқындайтын, тәжірибе алмасудың мол кеңістігіндегі татымды туындыларды тамашалауға жол ашатын таптырмас мүмкіндік. Кәсіби даму мен біліктілікті арттыруды басты ұстанымына айналдырған Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі ірі жобаларды жүзеге асыруды және жаңа шығармашылық белестерді бағындыруды басты мақсат етеді.

25-29 мамыр аралығында Талдықорған қаласында өтетін Халықаралық «BIKENFEST» театр фестивалі биыл төртінші жыл қатарынан өнерсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырмақ. Айтулы өнер мерекесінде Грузия, Түркия, Өзбекстан елдерінен және еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан, Өскемен қалаларының таңдаулы театр ұжымдары өнер көрсетеді. Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры аталмыш фестиваль аясында философиялық астары терең, адам жанының құпия әлемін суреттейтін, қоғамдағы рухани жалғыздық, өз-өзімен арпалысу секілді маңызды тақырыптарды қозғайтын «Мен кіммін…» спектаклін ұсынады.

Театр өнеріндегі қалыптасқан қағидалар мен дәстүрлі үрдістердің шеңберінен шығып, заманауи форматтың бағытын айқындаған «Мен кіммін…» спектаклі – концептуалды шешімдер мен символикалық астарларға құрылған бірегей туынды. Спектакльдің режиссері Грузиядан арнайы шақырылған талантты театр қайраткері Николоз Сабашвили. Айрықша формада жасалған символикалық қуыршақ түрлерімен ерекшеленетін спектакль адам жанының ең күрделі қабаттарына үңіліп, көрерменді өзінің ішкі әлемімен бетпе-бет келуге шақырады.

Айта кетейік, театр ұжымы IV Халықаралық «BIKEN FEST» театр фестиваліне тұңғыш рет қатысқалы отыр, дүбірлі дода аясында ұсынатын «Мен кіммін…» спектаклі халықаралық жобада алғаш рет көпшілік назарына ұсынылмақ.

Спектакль 28 мамыр, сағат 19:00-де Бикен Римова атындағы академиялық драма театрыныңсахнасында ұсынылатынын еске саламыз.

                                                                                             Камшат Молдабай