Көкшетауда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жанындағы «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылына арналған халықаралық DOSTI Skills Kokshetau 2026 чемпионаты басталды.

Ауқымды дода кәсіптік және техникалық білім беру саласының өкілдерін, халықаралық сарапшыларды және жас мамандарды бір алаңға жинады.Биыл чемпионатқа Қазақстаннан бөлек Австрия, Жапония, Әзірбайжан және Сауд Арабиясынан қатысушылар келді. Олар «Электроника», «Автономды мобильді робототехника», «Прототиптеу» және «Ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелері» құзыреттіліктері бойынша бақ сынайды.
Чемпионат тәжірибеге негізделген форматымен ерекшеленеді. Он күн бойы Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледж алаңында қатысушылар нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын инженерлік тапсырмаларды орындайды. Бұл жас мамандардың тек теориялық білімін емес, практикалық дағдыларын да шыңдауға мүмкіндік береді.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі мамандар даярлау сапасын арттыру, халықаралық ынтымақтастықты күшейту және индустрияға қажетті заманауи кадрларды қалыптастыру. Осыған байланысты бағдарлама аясында шеберлік сабақтары, тренингтер, воркшоптар мен халықаралық сарапшылардың дәрістері ұйымдастырылады.
Сондай-ақ жарыс барысында WorldSkills Shanghai 2026 әлемдік чемпионатына дайындық мақсатында халықаралық жаттығу алаңы жұмыс істейді. Бұл қатысушыларға әлемдік деңгейдегі талаптарға бейімделіп, кәсіби шеберлігін жетілдіруге жол ашады.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

