«Отанды сүю – оны қорғаудан басталады» дейді халық қаһарманы Т.Бигелдинов. Ел тыныштығын күзететін айбынды ерлер – қашанда ұлттың тірегі, елдің қорғаны. Олар бейбіт өмірдің бағасын терең түсініп, туған жердің әр қарыс топырағын қорғауды қасиетті борыш санайды. Осындай ержүрек азаматтардың бірі – Ербол Отарбаев.
Ербол Отарбаев небәрі 19 жасында Ақтаудағы түзету мекемесінен қашпақ болған 21 қандықол қылмыскерге жалғыз өзі қарсы тұрады. Бұл оқиға елдің есінде ерекше сақталды. Қауіпке қарамай, өз міндетін аса жоғары жауапкершілікпен атқарған жаужүрек сарбаздың ерлігі ерекше бағаланды. Ол Тұңғыш Президенттің қолынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Тіпті, батырдың құрметіне арнайы «Алтыншы бекет» атты шынайы оқиға негізінде фильм түсірілді. Бүгінде ол 6506 әскери бөлімінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының көмекшісі, майор қызметін атқарады.
– Алдымен өзіңізді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Ербол мырза, сол күнгі оқиғаны баяндап бере аласыз ба?
– Сол күні мен командирімнің бұйрығымен өзім күзететін алты бекетті күзетуге тапсырма алдым. Таңғы сағат шамамен бес болатын. Алыстан қарулы топ маған қарай шабуыл жасады. Бірден қолымдағы қаруды алып, оларды көздеуге кірістім. Қылмыскерлердің оғы сол қолыма және 6-7-ші қабырғамның сынуына себеп болды. Кейін өкпем де зақымданды, үш жерден жарақат алдым. Бізге Ұлттық ұланда мұндай сәттерде барынша салқынқандылық таныту керектігін үйретеді. Менде ойлануға уақыт болмады. Қылмыскерлерді барынша тоқтатуға тырыстым.
– Шегіну немесе күресу деген таңдаудың алдында тұрғанда, неге күресуді таңдадыңыз? Егер сол сәт қайта келсе, дәл сол шешімді тағы да қабылдар ма едіңіз?
– Мен үшін бұл жағдай қызметтік міндет емес, ең алдымен азаматтық әрі рухани жауапкершілік болды. Мен өзім туып-өскен қасиетті жерді қорғауды өмірлік борышым деп білемін. Бұл – менің маңдайыма жазылған міндет. Мені өмірге әкеліп, ер азамат ретінде тәрбиелеген ата-анамның алдында да мен әрдайым қарыздармын. Сол тәрбие мен бойға сіңген құндылықтар маған кез келген қиын сәтте дұрыс шешім қабылдауға негіз болды. Бабаларымыз сан ғасырлар бойы осы ұлан-ғайыр даланы қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. Сондықтан мұндай сәтте жай ғана қылмыскерлерге қарсы тұруды ойланатын нәрсе деп қабылдау қиын. Егер сол сәт қайта келсе, мен дәл сол баяғыдай қарсы тұратын едім.
– «Нағыз батыр – атақ үшін емес, парыз үшін күреседі» дейді. Десе де, сіздің ерлігіңізді елеп Тұңғыш Президенттің өзі «Айбын» орденін табыстады. Қандай сезімде болдыңыз?
– Шынымды айтсам, мен өзімнің осы орденге ұсынылғанымды және оны алатынымды тек үш күн қалғанда ғана білдім. Ол кезде мен енді ғана аяғыма тұрып, сауығып келе жатқан кезім еді. Иә, мұндай марапат кез келген адамға бұйыра бермейді. Мен мұны әлі күнге дейін ерлік деп толық қабылдай алмаймын. Дегенмен әріптестерімнің маған осындай құрмет көрсетуі – мен үшін үлкен мәртебе.
– Бүгінгі жастардың бойында сіздің ерлігіңізді қайталай алатындай батыл рух бар ма?
– Әрине, бар деп айта аламын. Бүгінгі күні еліміздің Қарулы Күштері мен Ұлттық ұлан сапында тауды да, тасты да қопара алатын батыр мінезді, тәртіпті, рухы биік әскери қызметшілер мен сарбаздар жеткілікті, олар кез келген жағдайда өз борышын адал атқарып, ел қауіпсіздігін бірінші орынға қоя білетін, қиын сәтте сабыр сақтап, шешімді тез қабылдай алатын, отанға деген сүйіспеншілігін ісімен дәлелдеп жүрген нағыз ер азаматтар, сондықтан мен оларды еліміздің ертеңін жалғастыратын сенімді буын деп білемін.
– Сізге арнап «Алтыншы бекет» деп аталатын фильм түсірілді. Фильм көңіліңізден шықты ма?
– Фильм туралы алғаш рет 2014 жылы түсіру жұмыстары басталған кезде білдім. Ол Ұлттық ұлан генерал-майоры М.Сатовтың арнайы қолдауымен түсірілген. Фильм жарыққа шыққан кезде сол оқиғаға куә болған адамдардың барлығынан сұхбат алынды. Менің рөлімді белгілі актер Сануржан Сүлеймен сомдады. Ол дәл менің жас кезімнен айнымайды. Фильмге дайындық барысында ол үш күн бойы қасымда болып, менімен бірге уақыт өткізді. Мен өзімді кино сыншысы деп есептемеймін, дегенмен фильм шетелдік кинофестивальдерде жоғары бағаланып, жүлделі орындарға ие болды.
– Өзіңіз секілді ержүрек ерлерге мерекелік жылы лебізіңіз болса…
– Бүгінгі мерекемен барша ерлер қауымын құттықтаймын! Біз жеріміз бен елімізді қорғауға міндеттіміз! Баршамызға мереке құтты болсын!
Фариза АХМЕТ,
Шымкент қаласы
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

