Басты бет » Даналық дәптері » Қаңғыбасты құтқарған раушан гүлі

Қаңғыбасты құтқарған раушан гүлі

makro-roza-krasnaa-temnyj-fon

Бірде гүл сатушы қыз қолындағы роза гүлдерін дерлік сатып болады. Қолында тек бір тал ғана гүл қалады. Гүл сатушы қыз ойланбастан жолдың қарсы бетінде күні бойы тілем тілеп отырған қайыршыға осы соңғы гүлді сыйлап, өз жөніне кете барады. Қайыршы өзі өз болғалы мұндай іске жолығып көрмепті. Ол үш ұйықтаса да армандағыдай ару қыздың өзіне гүл сыйлайтынын ойлап көрмепті. Бұл күні қайыршы үшін күн батыстан шыққандай болады. Қайыршы өмірінде бірде-бір рет өзін аялап, сүйіп көрмепті, басқалардың да аялауы мен сүюіне қол жеткіземін деп үміттенбесе керек, бүгінгі жағдай оған қатты әсер етеді.

Гүлді ала салысымен қала маңындағы өзінің лашығына тартады. Үйіне келген соң сынық құмыра тауып, оған су толтырып, гүлді оған салып қояды. Ол үн-түнсіз гүлге қарап отырады. Кенет орыннан атып тұрып, әлгі құмыраны жуып, тазалап, мөп-мөлдір су құйып гүлді қайта салады. Ол іштей: «Мұндай әдемі гүл қалайша кір-кір құмырада тұрады екен, мен оны жуып-тазалап қойдым» деп масаттанады.

Қайыршы әсем гүлге тағы құмарта қарап отырады. Ол ақырын қозғалып келіп, гүл құмырасы тұрған үстелді қолымен сипап қарап еді, шаң-тозаңнан көрінбей қалыпты. Әсем гүлдің тұруына бұл үстел лайық емес деп ойлаған ол үстелді де жуып, айнадай етіп қояды.

Гүлге құмарта қараған сайын таза үстел мен нарттай қызыл роза сағымы ойнап тұрған мөлдір құмыра мен суға мына былыққан лашық мүлдем сай келмейтін сияқты болып көрінді. Ол бар пейілімен өзінің жылдар бойы тұрып келе жатқан күркесін жинастырып, сүртіп, тазалап әбігерге түсті. Кенет ол өзінің үнемі үңірейіп тұратын бөлмесіне жылылық толып, жайлы өмірді өзіне тым жақын сезінді. Ол бөлменің дәл ортасында тұрып бұрыштағы сынық айнадан өзінің кейпін көрді. Қызыл шұғыла төгіп тұрғандай болып көрінген роза гүліне, таза үстелге, мұнтаздай үйде тұрып ол өзін мүлде қораш келбетте көрді. Шашы өскен, киімінің алба-жұлбасы шыққан. Ол бүгінгі бар тапқан-таянғанын алып жуынуға кетті. Өмірінде дәл бүгінгідей рахаттанып көрмеген шығар. Жұқа болса да таза киім сатып алды, сақал-мұртын қырды, шашын тарап ретке келтірді. Әлеуметтік моншаның есігінен шығып бара жатып қабырғадағы айнадан мүлде басқа адамды, жастық оты жалындаған келбетті жігітті көрді. «Мен не үшін қайыршы болып өмір сүруім керек?» деп сұрады өзінен. Бұл оның қайыршы болғаннан бері қарайғы өзіне тұңғыш рет осылайша сұрақ қоюы еді. Жігіттің рухы әп-сәтте сергіп шыға келді. Ол үйіне келіп мұндағы барлық дүниеге соншалықты риза пейілмен сүйсіне қарады. Екінші күннен бастап басқа жұмыс іздеуге кірісті. Жолы болғыш екен, жайлы жұмысты да тапты. Күндер зулап, айлар аунап жатты. Бірнеше жылдан кейін ол табысқа жеткен адамға айналды. Үлкен компания құрып, қалталылар қатарына қосылды.

Бұл оқиға мені адам жас күнінде өз ішкі әлеміндегі түнекке тұншығып, өмірінің көркем көкжиегін көруден мақұрым қалмауы керек деген ойға жетеледі. Пенде баласы өзіне тиесілі роза гүлін тапқанша ,теңіздегі бағдарсыз малтыққан дәрменсіз сушыға ұқсайтын сияқтанады.

Өзіңізге кішкентай өзгеріс жасаңыз, сіз өзгерсеңіз, сіздің әлеміңіз де өзгереді. Егер сіз осы роза гүлін тапқан болсаңыз, оны басқаларға беруді де естен шығармаңыз.

Ғаламтордан алынды

Пікір жазу