Қазіргі қоғамда көпбалалы отбасылар – ұлттың діңгегі, болашақтың алтын тұғыры. Осындай өнегелі, үлгілі отбасылардың бірі – Күнсейіт Мырзасейітұлының шаңырағы. Ол – жұбайы Гүлсара Авдыхамидқызымен бірге қоғамға үлгілі азаматтар тәрбиелеп, елдің өркендеуіне өз үлестерін қосып келе жатқан жан. Күнсейіт аға – сабырлы да салмақты әке, ал Гүлсара апай – шуағы мен жылуы мол дана ана. Біз бұл жолы мейірімге толы осы отбасының тыныс-тіршілігімен танысатын боламыз.
– Алдымен, өзіңіз және отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Мен – жастайымнан еңбекке ерте араласып, қарапайым қызметтен бастап, бүгінде балаларыма бағыт-бағдар беріп отырған әкемін. Жолдасым Гүлсара екеуміз отасқанымызға 30 жылдан асты. Алла бізге бес перзент сыйлады, 3 немереміз бар. Біздің өмірдегі ең үлкен байлығымыз – балаларымыз. Олар – біздің үмітіміз, ертеңіміз. Қазір үлкеніміз тұрмыста, кішіміз мектеп жасында. Осы шаңырақта бір-бірімізге сүйеу болып, сабыр мен махаббатты серік етіп өмір сүріп келеміз.
– Бала тәрбиесінде қандай қағидаларды ұстанасыз?
– Баланың жаны таза, оған не берсең, соны сіңіреді. Сол үшін біз бірінші кезекте өзімізді түзетуге тырысамыз. Тәрбие деген – ақыл айту емес, өзіңді ұстау, үлгі болу. Сабырлы болуға, өтірік айтпауға, өзгенің еңбегін бағалауға үйретеміз. Тәрбиеде сабыр мен мейірім басты орын алады. Баланы қатты жазғырып, ұрыса бермей, жағдайын түсініп, сөйлесе білу де маңызды. Қандай жағдайда да бала өзін отбасының бір мүшесі ретінде сезініп, ата-анасына сеніп өсуі керек деп есептейміз. Сондай-ақ баланың бойына шүкіршілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты құндылықтарды сіңіруге тырысамыз. Бұл – біздің ділімізге де, дінімізге де тән. Шариғат жолына сай, әрбір әрекетімізде баланың Аллаға деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін оятуға күш саламыз. Үйде өзіміз үлгі болуға тырысамыз – өтірік айтпау, аманатқа қиянат жасамау, біреуді ғайбаттамау сияқты күнделікті әрекеттеріміз арқылы бала өз ортасында дұрыс жүріп-тұруды үйренеді.
Баланы дүниемен емес, жүрекпен тәрбиелеу маңызды. Ол өскенде кім болатыны – тек кәсібіне байланысты емес, адамдық қасиетіне де байланысты. Сол үшін біз тәрбиеге бірінші орында мән береміз.
– Ата-ана ретінде арманыңыз қандай?
– Ата-ана ретінде ең үлкен арманымыз – балаларымыздың тәрбиелі, елге пайдасы тиетін, адал азамат болып өсуі. Әрқайсысының жүрегінде мейірім мен шүкіршілік болса дейміз. Қай жерде жүрсе де, жауапкершілігі жоғары, адамгершілігі мол, еңбекқор азамат болуын қалаймыз.
Әр баланың өз жолы бар. Сол жолда олар адаспай, өз бойындағы қабілетін дұрыс арнаға бағыттай алса екен. Жақсылыққа ұмтылып, айналасына пайдалы бола білсе – соның өзі біз үшін үлкен бақыт. Кейде өмірде түрлі сынақтар болады, сондықтан біз балаларымызға мықты болуды, қиындыққа мойымай, әрдайым алға ұмтылуды үйретуге тырысамыз.
Күнсейіт мырзаның бала тәрбиесі жайлы ойлары — көпшілікке үлгі боларлық. Әр сөзінен әкелік мейірімділік пен жауапкершілік сезіледі.
Ал енді осы шаңырақтың алтын діңгегі – отбасының анасы Гүлсара ханымның да пікірін тыңдап көрсек.
– Ана болу сіздің өміріңізді қалай өзгертті?
– Ана болу – әр әйелдің жүрегіндегі ең үлкен арман шығар. Мен үшін де солай болды. Алғаш егіз балаларымды дүниеге әкелгенде, әрине, жауапкершілік екі есе артты. Күн-түн демей, күтім жасаған сәттер болды, бір сәтке де бос уақытың болмай қалады. Бірақ уақыт өте келе бәріне де үйреніп кеттім.
Бақытымызға орай, бұл жолда мен жалғыз болмадым. Үлкен қызым мен отағасымыз үнемі жанымнан табылып, қолғабыс білдірді. Сол қолдаудың арқасында бұл кезең мен үшін ауыр емес, керісінше, қуаныш пен мейірімге толы уақыт болып есте қалды.
Ана болу менің өмірімді мүлде жаңа арнаға бұрды. Жауапкершілік артты, жүрек бұрынғыдан да жұмсара түсті. Әр балаңмен бірге сен де өсесің, өзгересің. Бүгінде балаларымның әр жетістігі – мен үшін ең үлкен марапат.
– Көпбалалы болу оңай емес. Бес баланың анасы болу қаншалықты қиын?
– Иә, расымен де, көп бала тәрбиелеу оңай емес. Жауапкершілік көп, кейде шаршау да болады. Бірақ соның бәрін жүрекпен қабылдасаң, ол қиындық емес, керісінше, өмірдің мәні мен қызығына айналады.
Көпбалалы болудың өзіне тән берекесі бар. Үйдің іші үнемі көңілді, баланың күлкісімен, шуымен жанданып тұрады. Әр баланың өз мінезі, өз қуанышы бар – соның бәрі аналық жүрекке жылулық сыйлайды.
Әрине, бастапқыда бәрін үйлестіру қиын көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе тәртіппен, сабырмен, бір-біріңе қолдау көрсетіп жүрсең, бәрі реттеледі. Қиындықпен қатар шексіз қуаныш та бар. Сондықтан мен үшін көпбалалы болу – үлкен бақыт.
– Жас ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіздер?
– Жас ата-аналарға айтарым – бала тәрбиесі тек сөзбен емес, іс-әрекетпен жүзеге асады. Бала – ата-анасының айнасы. Сондықтан әр қадамымыз, әр әрекетіміз – бала санасына жазылып жатқан тәрбие екендігін ұмытпаған абзал. Тәрбие – тек ұрысып, ескертіп айтудан тұрмайды. Ол – күнделікті өмірдегі ұстанымымыз, мінезіміз, қарым-қатынасымыз арқылы беріледі.
Баланы мейірім мен сенімде тәрбиелеу – оның болашақтағы тұлғалық қалыптасуына тікелей әсер етеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адалдық, еңбекқорлық, сабырлылық сынды адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп өскен бала өмірдің кез келген сынағына дайын болады.
Сондай-ақ рухани тәрбие де маңызды. Баланың жүрегіне кішкентай кезінен Жаратқанға деген сүйіспеншілік, мейірімділік, жауапкершілік сезімдерін дарыта білсек, ол ізгі жолдан таймайды. Бүгінгі күні білім мен технология дамыған заманда өсіп келе жатқан ұрпақ дүниелік ілімде де озат болуы қажет. Сондықтан баланың қабілетін ерте байқап, ғылымға, өнерге, спортқа бейімдеген дұрыс. Бірақ бұл тәрбие мен тәртіпсіз жүзеге аспайды. Ең алдымен, отбасында тұрақтылық пен өзара түсіністік болуы керек.
Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым. Ал көпбалалы жанұя – бұл тек балалардың саны емес, тұтас бір рухани әлем, сабыр мен сүйіспеншілікке құрылған шағын мемлекет. Мұндай шаңырақта әр бала бауырымен бірге өсіп, бір-біріне тірек болуды үйренеді. Ал ата-ана үшін бұл – үлкен жауапкершілік, төзім мен табандылықтың жолы. Бүгінде мемлекет те көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіп, түрлі әлеуметтік көмектер мен бағдарламалар ұсынып келеді. Бұл – ұлт болашағына жасалып жатқан қамқорлықтың бір белгісі. Себебі демография – тек сан ғана емес, ол – елдің ертеңі мен іргесінің беріктігі. Үлгілі отбасылар көбейсе, еліміздің де рухани байлығы арта түсері анық.
Үйдің іргесі – махаббат пен мейірімде. Күнсеит мырза мен Гүлсара ханымның сабырлы да сенімді ата-аналық жолы – жас отбасыларға үлгі. Бүгінгі қоғамда осындай өнегелі отбасылар көбейсе, елдің ертеңі де нық болмақ. Ұрпақ тәрбиесін жүрекпен атқарып жүрген бұл жанұяға тек амандық пен береке тілейміз!
Сұхбаттасқан
Асия СЕРІКҚЫЗЫ,
Еуразия ұлттық университетінің студенті